Павлодарлық оқушы Laravel негізінде онлайн-платформа әзірледі
Оның көмегімен кез келген жобаны сауатты жоспарлауға болады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Мектеп қабырғасында жүріп-ақ нағыз IT-маманның міндетін атқаруға болатынын облыстық дарынды балаларға арналған №8 лицейдің 7-сынып оқушысы Инара Мәлікова дәлелдеп шықты. Ол жобалау қызметін жүйелеуге арналған «Idea2Result» атты бірегей онлайн-платформаны әзірледі. Бұл жай ғана сайт емес, оқушының алғашқы идеясынан бастап соңғы нәтижесіне дейін жетелейтін цифрлық көмекші.
- Платформаның ерекшелігі оның кәсіби Laravel (PHP) бағдарламалау тілінде жасалуында. Оның көмегімен кез келген жобаны сауатты жоспарлауға болады. Әрі жобада жүйелілік яғни бірнеше кезеңге бөлініп, нақты міндеттер мен мерзімдер (дедлайн) белгілеуге болады. Сонымен қатар, математикалық дәлдік. Платформаның басты ерекшелігі — жұмыстың дайындық пайызын автоматты түрде есептеуінде. Алгоритм орындалған кезеңдерді талдап, нәтижені нақты цифрмен көрсетеді. Бұдан бөлек, ортақ базаның болуы. Ол барлық деректер мен материалдарды бір жерде сақтап, оған кез келген уақытта қол жеткізуге болатындығында, - делінген хабарламада.
Инара бұл жобаны Әлкей Марғұлан атындағы Павлодар педагогикалық университетінің докторанты, биология пәнінің мұғалімі Айсұлу Әбікеновамен бірлесіп дайындады. Бұл — педагогикалық тәжірибе мен заманауи кодтың сәтті үйлесімі.
- Idea2Result — бұл жай ғана тапсырмалар жиынтығы емес, бұл — жоспарлау мәдениеті, мерзімге деген жауапкершілік және нақты нәтижеге ұмтылу, - дейді ұстазы.
Бұл жүйені кез келген оқу орнының серверіне орнатып, жобалық жұмыстарды басқарудың толыққанды құралы ретінде пайдалануға болады.
Инараның жобасы заманауи мектеп оқушысының тек гаджет қолданушы емес, қоғамға пайдалы өнім жасаушы екенін тағы бір мәрте дәлелдейді. Бұл - білім жүйесін цифрлық трансформациялауға жасалған батыл қадам.