Павлодарлық омарташыларға қолдау көрсетіледі
Бұл туралы Павлодарға жұмыс сапарымен келген Сауда және интеграция бірінші вице-министрі Айжан Бижанова мәлім етті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
«Jailau» базарының әкімшісі Қанат Абдуаллиев вице-министрдің назарын Тереңкөл ауданының «Артем» ЖК өндіретін өнімдеріне аударды. Омарташының өзінің ара шаруашылығы бар.
– Қазіргі таңда бал экспортына қолдау көрсету шаралары енгізілуде. Сондықтан кәсіпкерлермен сөйлесіп көріңіздер. Біздің департаментпен байланысқа шығыңыздар. Отандық өнімге қолдау көрсетіледі, – деді Айжан Бижанова.
Сондай-ақ Қанат Абдуаллиев шикі сүтке сұраныс артқанын атап өтті. Сүт тасымалдаушы тікелей сараптамадан өткен 2000 литр әкеледі. Павлодарлық жергілікті сүт өндіруші эксклюзивті құрт және өте дәмді май шығарады.
– Кәсіпкер сүтті тікелей жеткізеді. Өзіміздің зертханада ет және сүтке сараптама жасалады, егер зертхана мақұлдаса, осында әкелінеді. Жұмыс күндері литрі – 320 теңгеден, демалыс күндері 200 теңгеден сатылады. Шикі сүт жылдам сатылып кетеді. Егер жұмыс күндерін базардан сататын болсақ, жәрмеңкеде адамдар көп жиналады. Осыған байланысты көшеден сату мүмкіндігі қарастырылған, – деді Қанат Абдуаллиев.
Алдағы уақытта сүт 24 шаршы метрлік бөлек модульдік бөлмеде сатылады. Онда екі танкер орнатылады және сатып алушылар күн сайын сүт ала алады.
Еске сала кетейік, Сауда және интеграция бірінші вице-министрі «Jailau» базарының жұмысымен танысты.