Павлодарлық полицейлер биіктен секірмек болған қызды құтқарып қалды
Оқиға бүгін таңда орын алды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, 22 мамыр күні таңертең сағат 07:55-те «102» операторының пультіне шұғыл қоңырау түскен. Онда Айманов көшесі, 36 мекенжайындағы көпқабатты үйдің шатырында төменге секіруге дайын тұрған қыз бар екені хабарланды. Оқиға орнына бірден батальонның автопатруль экипажы — Мақсат Иманбек пен Дархан Сәрсембаев барады.
— «Мен ешкімге керек емеспін!» деп айқайлады қыз біз келген кезде. Шатырға көтерілгенде, шатырдың дәл шетінде отырып жылап отырған аруды көрдік. Ол енді өмір сүргісі келмейтінін айтты. Сол сәтте әр секунд шешуші болды, дереу әрекет ету қажет еді, — деп еске алады Павлодар қалалық ПБ патрульдік полиция батальоны қызметінің инспекторы Мақсат Иманбек.
Инспектор бірден қызбен сөйлесіп, оның назарын басқаға аударып, тыныштандыруға тырысты. Қызды қорқытып алмау және құлап кетуіне себеп болмау үшін ыңғайлы сәтті күткен полицейлердің бірі алға ұмтылып, қызды ұстап қалды.
Кейін 19 жастағы қыз соңғы уақытта ауыр депрессиядан зардап шеккенін, дәл осы жағдай оны осындай шарасыз қадамға итермелегенін мойындады. Қазір онымен білікті психологтар жұмыс істеп жатыр, өміріне ешқандай қауіп төніп тұрған жоқ.
Тәртіп сақшылары қиын жағдайға тап болғандарға тығырықтан шығатын жол әрқашан бар екенін ескертеді. Кез келген адам көмек сұрап 111 бірыңғай сенім телефонына қоңырау шала алады.