Павлодарлық сарбаз шахмат турнирінде қарсылас шақ келтірмеді
Жеңімпаз әскерге дейін шахмат мектебінде жаттықтырушы болып еңбек еткен, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
«Шығыс» өңірлік қолбасшылығы баспасөз қызметінің мәліметінше, Павлодарда Ұлттық ұланның 5512 және 6679 әскери бөлімдерінің мерзімді әскери қызметшілері арасында шахматтан турнир өтті. Сайыс мемлекет және қоғам қайраткері, прокуратура органдарының ардагері Юрий Хитринді еске алуға арналды.
Павлодар гарнизоны әскери прокуратурасының бастамасымен ұйымдастырылған турнирге он сарбаз қатысты. Жарыс швейцарлық жүйе бойынша өтті.
– Прокуратура органдарында ұзақ жылдар бойы адал еңбек етіп, жоғары лауазымдарды абыроймен атқарған заң саласының заңғар маманы Юрий Александрович тірі болса, биыл сексен жасқа толар еді. Көрнекті тұлғаның есімі Отан алдындағы мерзімді қызметін атқарып жүрген сарбаздар арасында жаңғырсын деп Ұлттық ұлан жауынгерлері арасында шахматтан турнир ұйымдастырдық. Шахмат ойыны Отан алдындағы борышын өткерушілердің ерік-жігерін арттырып, зейіндерін дамытады, – деді Павлодар гарнизонының әскери прокуроры, әділет подполковнигі Ғалымжан Серім.
Турнир қорытындысында алғашқы екі орынды 6679 әскери бөлімінің сарбаздары иеленсе, үшінші орын 5512 әскери бөлімінің өкіліне бұйырды.
Бас жүлдені Ұлттық ұлан қатарына Астанадан шақырылған қатардағы жауынгер Марат Абылайхан жеңіп алды.

– Мен бұл сайыста жеңімпаз атанатыныма бек сенімді болдым. Менің мақсатым – халықаралық деңгейдегі гроссмейстер атанып, Қазақстанның көк туын әлемдік ареналарда желбірету. Шахмат адамды сабырлыққа, терең ойлауға және қарсыластың әрекетін алдын ала болжауға үйретеді. Бұл қасиеттер әскери қызметте де аса маңызды, – деді Марат Абылайхан.
Жеңімпаз шахматпен үшінші сыныптан бері айналысады. Республикалық жарыстарға қатысып, бүгінде спорт шеберіне үміткер деңгейіне жеткен. Әскерге шақырылғанға дейін Астанадағы шахмат мектептерінің бірінде жаттықтырушы болып, жасөспірімдерге сабақ берген және балалар арасында турнирлер ұйымдастырған.
Сайыс соңында жүлдегерлерге мадақтама қағаздары мен сыйлықтар табысталды. Ұйымдастырушылар турнирді алдағы уақытта дәстүрлі түрде өткізуді жоспарлап отыр.
Фотосуретті «Шығыс» өңірлік қолбасшылығының баспасөз қызметі ұсынды