Павлодарлық спортшы сурдо дзюдодан Токиода ел намысын қорғайды

Павлодарлық спортшы сурдо дзюдодан Токиода ел намысын қорғайды
Фото: pexels.com

Ол үздік нәтиже көрсетіп, ұлттық құрамаға іріктелді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

21-23 ақпан күндері Абай облысының Семей қаласында сурдо дзюдодан Қазақстан Республикасының чемпионаты өтті. Ж.Үшкемпіров атындағы № 1 мамандандырылған балалар-жасөспірімдер спорт мектебінде еліміздің 17 өңірінен 130-ға жуық спортшы бақ сынасты. Бұл чемпионатта Павлодар облысының атынан Desport спорт клубының спортшысы Ольга Гараева өнер көрсетті. Ольга 78 келіден астам салмақта екі жекпе-жекте таза жеңіске жетіп, ел чемпионатының «алтынын» жеңіп алды. 

– Чемпиондық атақтан бөлек, спортшы сурдо дзюдодан ұлттық команданың құрамына кірді. Енді ол қараша айында Жапонияның астанасы Токиода өтетін дзюдодан Сурдлимпиаданың 25-ші ойындарында еліміздің атынан қатысады, – деді Desport спорт клубының менеджері Олеся Мецгер. – Бұл Ольганың есебіндегі екінші ойын болмақ. Бұған дейін ол 2022 жылы Бразилияда өткен ойындарға қатысып, медальдан бір қадам қалып, 5-ші орынды иеленді. 


Ольга Гараева – сурдодзюдодан халықаралық дәрежедегі спорт шебері, бірнеше дүркін ел чемпионы, Әлем чемпионаты мен Азия-Тынық мұхиты ойындарының жүлдегері. Спортшының жаттықтырушысы Денис Амелин –Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген жаттықтырушысы.

Фото: Desport спорт клубы ұсынды