Павлодарлық студент Қытайда өткен WorldSkills халықаралық турнирінде І орын алды
Ол аталған турнирде «Өнеркәсіптік дизайн» құзыреті бойынша үздік нәтиже көрсетті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Қытай Халық Республикасының Шэньчжэнь қаласында WorldSkills Industrial Design Technology International (Shenzhen) Invitational Tournament халықаралық жарысы өтті. Осы байқауда Павлодар қаласындағы Ақпараттық технологиялар колледжінің студенті Дарья Мельник І орынды иеленді.

Халықаралық деңгейдегі беделді додаға Қазақстан, Қырғызстан, Малайзия, Сауд Арабиясы және Қытай елдерінен 16 үміткер қатысты. Қатысушылар өнеркәсіптік дизайн саласындағы кәсіби құзыреттері мен практикалық дағдыларын, сондай-ақ инновациялық ойлау қабілетін сынға салды.
Қазақстан намысын қорғаған Дарья Мельник – WorldSkills Kazakhstan–2025 ұлттық чемпионатының жеңімпазы. Ол аталған турнирде «Өнеркәсіптік дизайн» құзыреті бойынша үздік нәтиже көрсетіп, жарыстың абсолютті жеңімпазы атанды.
Студентті халықаралық байқауға Ақпараттық технологиялар колледжінің оқытушысы Борис Григорьев дайындаған. Ол жарыста сарапшы ретінде де жұмыс атқарды.
Бұл жетістік Павлодар өңіріндегі техникалық және кәсіптік білім беру сапасының жоғары екенін көрсетіп, қазақстандық жастардың халықаралық деңгейде бәсекеге қабілетті екенін дәлелдеді.