Павлодарлық студенттер тегін заңгерлік көмек көрсетуде

Павлодарлық студенттер тегін заңгерлік көмек көрсетуде
Иллюстрация: AI

Бұл университет қабырғасында тәжірибе жинауға мүмкіндік береді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Торайғыров университетіндегі заң клиникасы облыстық әділет департаментімен әріптестік негізінде жұмыс істейді.

Құқықтану кафедрасының меңгерушісі, заң ғылымдарының докторы Серік Жетпісовтің айтуынша, клиникада шамамен 20 студент тәжірибе жинақтап жүр. Үшінші және төртінші курс студенттері қабылданады. Олар салалық пәндерден жоғары үлгерім көрсетіп, адамдарға практикалық көмек көрсетуге қызығушылық танытқан.

Бүгінгі заң қызметтері нарығы мен жұмыс берушілер түлектерден тек теориялық білімді ғана емес, нақты тәжірибені де талап етеді. Қазіргі білім беру стандарттарын және тәжірибенің сұранысын талдаған кезде заң клиникасын ашу қажетті қадам екенін түсіндік. Сондықтан оны тез арада құруға шешім қабылдадық. Әділет департаментімен жасалған меморандумға сәйкес, студенттерге тәжірибелі заңгерлер адвокаттар, нотариустар, жеке сот орындаушылары, кеңесшілер көмектеседі, деді Серік Жетпісов.

Болашақ заңгерлер павлодарлықтарға азаматтық, отбасылық және еңбек мәселелері бойынша кеңес береді. Қызмет әлеуметтік осал топтарға көрсетіледі: аз қамтылған отбасыларға, қиын өмірлік жағдайға тап болған адамдарға, атаулы әлеуметтік көмек алушылар, қандастар, әскери қызметшілер, І және ІІ топтағы мүгедектер, сондай-ақ мүмкіндігі шектеулі бала тәрбиелеп отырған жалғызбасты ата-аналар.

Көмек алдын ала жазылу арқылы көрсетіледі. Клиент клиникаға телефон, электронды пошта немесе жеке келу арқылы жүгінеді. Оқытушы адамның әлеуметтік осал топқа жататынын анықтап, деректерін тіркейді және мәселенің мәнін қысқаша белгілейді. Бұдан кейін кеңес беру күні мен уақыты белгіленеді.

Содан соң клиника жетекшісі істерді студенттер арасында бөледі. Олар заңнаманы, сот тәжірибесін және басқа дереккөздерді зерттеп, қандай құжаттар қажет болуы мүмкін екенін анықтайды. Кейін куратор-юристпен кездесіп, стратегияны талқылайды және ұсыныстар алады, деп түсіндірді кафедра меңгерушісі.

Жұмыс барысында студенттер клиенттермен қарым-қатынас жасауға, деректер жинауға, құжаттарды талдауға және құқықтық ұстанымдарды қалыптастыруға үйренеді. Тәлімгерлердің жетекшілігімен олар ауызша немесе жазбаша қорытынды дайындайды, құқықтар мен міндеттерді түсіндіреді, мәселелерді шешу жолдарын ұсынады.

Заң клиникасы жай ғана дәріс емес. Бұл алғашқы кәсіби тәжірибе. Студент тәжірибелі кураторлардың бақылауымен нақты істерді жүргізіп, соттар мен мемлекеттік органдарға жолданатын құжаттарды әзірлейді. Мұнда теория бірден практикамен тексеріледі.

Мұндай тәжірибе үш негізгі нәтиже береді: практикалық жұмыс дағдылары, этика мен жауапкершілікті түсіну, өзіне сенімділік және «жұмсақ» дағдыларды дамыту.

Заң клиникасының түлегі тек дипломмен ғана емес, нақты істер портфолиосы және мемлекеттік органдардан бастап, ірі заң фирмаларына дейінгі жұмыс берушілер бағалайтын тәжірибемен шығады.