Павлодарлық суретшілер Түркі әлемінің астанасында өнерлерін паш етті

Павлодарлық суретшілер Түркі әлемінің астанасында өнерлерін паш етті
Фото: @aqertis_suret

Қылқалам шеберлері ерекше мәртебеге ие болған Түркістанды ұлықтауға үлес қосты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

Түркістан облысында ҚР Президентінің тапсырмасымен Түркістан қаласының ерекше мәртебеге ие болуына орай ұйымдастырылған «TURKISTAN STYLE» Халықаралық суретшілер симпозиумы өтті.

Алты күнге созылған іс-шараға әлемнің 8 мемлекетінен 28 суретші қатысты. Олар 120-дан аса үздік, жоғары деңгейдегі, кескіндемелік жұмыс жазды. 

Симпозиум жұмысына ҚР Суретшілер Одағының мүшесі, Н.Нұрмұхаммедов атындағы Павлодар облыстық көркемсурет музейінің басшысы Ақертіс Солтанбаев және ҚР Суретшілер Одағының мүшесі Өсербай Шоранов қатысты.

– Түркістан қаласы заманауи қайта жаңғырып, ерекше мәртебеге ие болғанын білесіздер. Осындай сәтте суретшілердің рухани астананың көне тарихы мен жаңаруын бейнелеген туындылары, оның ежелгі тарихына тағы бір үңіліп, киелі Түркістанның бүгінгі күнін өнер тілімен ұлықтауы – құптарлық іс, – дейді Ақертіс Солтанбаев.

Симпозиумның қорытындысы ретінде «Конгресс холл» кешенінің фойесінде көрме ұйымдастырылды. Қылқалам шеберлерінің Түркістанның қазіргі бейнесі бейнеленген, сондай-ақ, әртүрлі тақырыпта орындалған жұмыстар жұртшылыққа ұсынылды.