Павлодарлық түлектер қай елдерде білім алып жатыр?

Павлодарлық түлектер қай елдерде білім алып жатыр?
Фото: Константин Шелков

Мектеп бітірушілердің басым бөлігі Еуропа елдерінде бакалавр дәрежесін оқуды таңдайды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Облыстық білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаментінің басшысы Гүлнар Үздембаеваның сөзінше, берілген өтініштерге негізделген мониторинг деректеріне сәйкес, ағымдағы жылы 56 түлек Чехия мемлекетіне, Түркияға 50, Германияға 33, Италияға 23 оқушы оқуға түсті. 

— Жастар Ресей, АҚШ, Португалия, Нидерланды, Финляндия және Венгрия мемлекеттеріне де оқуға түсіп жатыр, — деді Гүлнар Үздембаева.

Өңірде жаңа жұмысшы мамандықтарына сұраныс артып келеді. Биылғы оқу жылында колледждер жаңа мамандықтар бойынша лицензиялар алды.

— «Элеваторлық, ұн тарту, жарма және құрама жем өндірісі», «Қашықтан басқарылатын авиациялық жүйе», «Автомобиль жасау» оқу бағдарламалары бойынша білім ордаларына тиісті құжаттарды рәсімдедік, — деді департамент басшысы. 

Аймақтағы кәсіптік-техникалық білім беру жүйесі өсу үстінде. Бүгінгі таңда облыс бойынша 42 колледжде 22 мыңнан астам студент заманауи мамандықтар бойынша білім алуда.

— Жаңа оқу жылында мемлекеттік білім беру тапсырысы 625 орынға өсті, бұл ірі жетістік. Оның 740 орны –кәсіпорындардың мақсатты тапсырысы, бұл түлектердің болашақта жұмыс табуын кепілдейді, — деді білім беру басқармасының басшысы Айгерім Әбенова.

Басқарма басшысының сөзінше, «Жұмысшы мамандықтар» жылы аясында ауылдық колледждердің материалдық-техникалық базасы жаңартылды.

Айта кетейік, бұған дейін баспасөз конференциясында мектептерде тамақтанудың бірыңғай стандарты туралы және үш аусымды мектептердің мәселелері талқыланған еді.