Павлодарлық тұрғын екі әйелді фотоға түсіріп, онлайн кредит алған
2022 жылдың жазында 30 жастағы ер адам Шарбақты ауылына келіп, танысымен кездескен, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, әңгіме барысында ол оған Павлодардағы құрылыс нысанына жұмысқа тұруды ұсынған. Әйел адам келісіп, біраз уақыттан кейін қалаға келеді. Екі аптаға жуық болған соң уәде етілген жұмысты күтпестен үйіне қайтып кеткен. Ер адам қазан айының соңында 3000 теңге сомасында қарызын қайтарамын деген сылтаумен ауыл тұрғынына қайта келген. Кездесу кезінде жұмысқа орналасу үшін фото қажет екенін айтып, оны суретке түсірген. Кейінірек әйел өзінің атына несие берілгенін білген. Осылайша 54 жастағы ауыл тұрғыны банкке екі миллион теңге қарыз болып шықты.
– Жедел уәкілдер аталған факті бойынша бұрын сотталған Павлодар қаласының 30 жастағы тұрғынын ұстады. Ол дербес деректерді, сондай-ақ фотосуреттерді пайдалана отырып, өтініште көрсетілген тұлғалардың ескеруінсіз және келісімінсіз банктің сайтында онлайн кредиттер алуға өтінімдер ресімдеген. Қазіргі уақытта жас жігітке қатысты Қазақстан Республикасы ҚК 190-бабы, 1-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды, - деді Павлодар облысы Шарбақты ауданы полиция бөлімінің бастығы Нұрғали Омарбеков.
Ұсталған ер адам осымен тоқтамай қараша айында төлеп беремін деп алдап-арбау арқылы Шарбақты ауылының тағы бір тұрғынын микро ұйымнан онлайн несие алуға көндірген. Ол қиын жағдайға тап болғанын айтып сендірген. Оның бұл сөзіне сенген әйел жеке куәлігін береді және ұялы телефонмен суретке түседі, осылайша онлайн режимінде өтініш беруге рұқсат береді. Ер адам фотосуреттің көмегімен сегіз банкте тағы да жалпы сомасы екі миллион теңгеден асатын онлайн кредиттер рәсімдеген.
Қазіргі уақытта полиция сотқа дейінгі тергеу шеңберінде күдіктінің осыған ұқсас фактілерге қатыстылығын тексеруде.