Павлодарлық тарихшы: Ер адамға белдікті жоғалту абыройдан айырылумен тең еді

@Pavlodarnews.kz тілшісі белдік тағудың түпкі мағынасын анықтап білуге тырысты.
Қазақ киімінің міндетті бөлігі барқыттан, жүннен, жібектен жасалған берік иленген былғарыдан жасалған белдіктер болды. Облыстық Потанин атындағы тарихи-өлкетану музей қорларының бас сақтаушысы, тарихшы Әлия Жомартованың сөзінше, оларды ерлер де, әйелдер де киіп жүрді, алайда оны тағу мәнісі ерекшеленетін.
– Белдік тағу – күш пен қуаттың символы, денені қорғау, адалдық, әрекетке дайын болуды білдірген. Былғарыдан жасалған белдіктер өрнекті бедермен, асыл тастармен, металл жапсырмалармен безендірілген. Оларды кісе белдік деп атаған, – дейді тарихшы.
Кісе белдіктерде дорбалар болған. Осындай аңшылық белдіктер қанжар, шақпақ тас салып, сақтауға арналған.
– Егер ер адам жаугершілік кезінде белдігінен айырылса, ар-намысын жоғалтумен тең болды, үлкен ұят деп саналды. Оларды жас кезінен бастап қартайғанға дейін тағып жүрген, – деді Әлия Жомартова.
Ал әйелдер белбеуі қыздың пәктігін, тазалық пен ізгіліктің нышаны болды.
– Барқыт, жібек, былғарыдан жасалған жұқа белбеулер жас қыздардың жіңішке белін көрсету, айшықтау үшін арналды. Олар камзолдың сыртынан тағылды, – деді тарихшы.
Жалпы белдіктер үш түрлі болатын: күнделікті, әскери сайманның бір бөлігі ретіндегі белдік және салтанат-жиынға тағылатын белдік.
– Күнделікті өмірде тағатын белдіктер, әдетте жіңішке, ешбір безендірілмеген, кейде күмістің жұқа қабатымен қапталған. Белдіктің төменгі шетіне ұсақ бұйымдар сақиналардың көмегімен бекітілетін – сақиналы белдіктер болған, – деді ол.
Әскери белдіктерге салпыншақтар ілінетін. Ол қылыш, қанжар немесе садақ салу үшін қажет болған. Алтын, күміс жалату, оюлау арқылы безендірілген.
Ең әдемі белдіктер салтанатты, мерекелік уақытта, тойларда тағылатын. Олар асыл тастармен көмкерілетін. Мұндай белдіктер адамның әлеуметтік мәртебесі мен байлығын білдіретін.
Музей қорында ерлер мен әйелдерге арналған түрлі белдіктер сақтаулы тұр. Олардың басым бөлігін былғары және металл шебері Саид Сағындықов жасаған.