Павлодарлық университеттің студенттік аллеясын қызыл жүзім мен Амур барқыты көркейтеді

Павлодарлық университеттің студенттік аллеясын қызыл жүзім мен Амур барқыты көркейтеді
фото: Торайғыров университетінің баспасөз қызметі

Табиғи тыңайтқыш ретінде шіріген жапырақ пайдаланылады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Торайғыров университетінің ғалымдары бірнеше жылдан бері сарғайған жапырақты табиғи тыңайтқыш ретінде пайдаланып келеді: тәжірибе жүргізіп, оқу орны аумағын көгалдандыруда. Бұл оқу процесінің бір бөлігіне айналған.

«Таза Қазақстан» акциясы аясында сенбілікте кезекті жапырақ партиясы жиналды.

Агротехнология факультетінің аға оқытушысы Ардагер Сарбасовтың айтуынша, әдетте жапырақтың 80 пайыздан астамы полигондарға шығарылып, онда жылдар бойы жатады.

– Жапырақ – қоқыс емес, құнды органикалық тыңайтқыш. Сондықтан біз агротехнология кафедрасында бірнеше жылдан бері оларды жинап, компостқа айналдырып,  кәдеге жаратып келеміз. Болашақ агрономдар органиканы өз қолымен дайындап, оны агротехнологиялық процестерде қолдануды үйренеді. Студенттер ағаш отырғызады және нәтижесін университет аумағында бірден көреді, – деп атап өтті Ардагер Сарбасов.

Жапырақты толыққанды органикалық затқа айналдыру үшін 9–10 ай қажет. Тек содан кейін ғана оны қолдануға болады.

Оқытушылар студенттік аллеяны көгалдандыру жобасы жүзеге асыруды қолға алды. Мұнда декоративті ағаштар отырғызу көзделген.

– Мысалы, металл күмбездің қасына қызыл жүзім отырғызуға шешім қабылданды. Ол құрылымды қалың жапырақпен жауып, көлеңке түсіреді әрі кеңістікті көрікті етеді. Күзде жүзім жапырақтары қызыл түске боялады. Жанында Амур барқыты отырғызылды, бұл қалада сирек кездесетін алыс шығыстық өсімдік, – деді университет өкілдері.

Еске сала кетейік, өткен жылы облыстық қоғамдық кеңес мүшелері жапырақты қайта өңдеу мәселесін көтерген болатын. Биомассаны кәдеге жарату тақырыбы қоқыс өңдейтін зауыттың бірінші кезегін – экологиялық рұқсат алуға үміткер сұрыптау орталығын салу жобасына арналған тыңдауларда талқыланды.