Павлодарлық жүргізушілер арасында жылдамдықты асыратындар азаймай тұр

Павлодарлық жүргізушілер арасында жылдамдықты асыратындар азаймай тұр
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Жыл басынан бері 80 мыңнан астам жүргізуші жауапқа тартылды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Өңірде белгіленген жылдамдықтан  асырған жүргізушілер жауапкершілікке тартылуда. Полиция қызметкерлері әлеуметтік желілерге тұрақты түрде мониторинг жүргізеді. Сонымен қатар, құқық бұзушылықтар туралы бейжай қарамайтын азаматтар «102» арнасына немесе ведомствоның ресми аккаунттарына хабарлайды.

– Жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында өңірде жол қозғалысы ережелерін бұзуды автоматты түрде тіркейтін зияткерлік бақылау жүйелері жұмыс істейді. Белгіленген жылдамдықты асыру – жолдағы ең өзекті мәселелердің бірі. Барлық ескертулер мен айыппұлдарға қарамастан, көптеген жүргізушілер жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзуды жалғастыруда. Олар жол қозғалысы ережелерін сақтамау көбіне ауыр зардаптарға әкелетінін ескере бермейді, – делінген облыстық полиция департаменті берген ақпаратта.

Жыл басынан бері Павлодар облысында жылдамдық режимін бұзудың 83 мыңнан астам дерегі анықталды. Сондай-ақ, алты айда аймақта 474 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, соның салдарынан 26 адам қаза тауып, 589 адам түрлі дене жарақатын алды. 

Департаменттегілер жол қозғалысына қатысушыларды жаяу жүргіншілер өткелінен өту кезінде ерекше мұқият болуға шақырады. Өткелге жақындағанда көлік жылдамдығын алдын ала төмендетіп, қажет болған жағдайда толық тоқтап, жаяу жүргіншілерге жол беру қажет.

Естеріңізде болсын, жүргізушілер жол қозғалысы ережелерін сақтап, жаяу жүргіншілер өткеліне жақындағанда жылдамдықты дер кезінде төмендеткен жағдайда ғана жол-көлік оқиғаларының санын азайтуға болады.