Тереңкөлде ерекше балаларға қысым көрсету жағдайы расталмады

Әлеуметтік желіде білім беру қажеттіліктері ерекше балаларды қолдау орталығының тәрбиеленушілері видеоүндеу жариялады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Олар психологиялық буллинг пен қысым туралы шағымданған.
– Аталған орталықта ерекше білім беруді қажет ететін балалар оқиды. Балалар тарапынан педагогтардың ескертулері мен талаптары бұрмаланған түрде қабылданып, психологиялық қысым ретінде бағалануда. Білім басқармасының қызметкерлері бұл жағдай бойынша екі рет қызметтік тексеру жүргізді, нәтижесінде буллинг пен психологиялық қысым фактілері расталмады. Алайда тәрбиеленушілер мен орталық әкімшілігі арасында жанжал бар екені анықталды, – деп жауап берді облыстық білім беру басқармасында.
Тәрбиеленушілердің талабы — бұрын жұмыстан шығарылған тәрбиешіні қайта жұмысқа орналастыру. Ол Қазақстан Республикасының Еңбек кодексінің 52-бабы 1-бөлігі 14-тармақшасына сәйкес (тәрбие функцияларын орындайтын қызметкердің осы жұмысын жалғастырумен сыйыспайтын адамгершілікке жат қылық жасауы) жұмыстан босатылған болатын. Сондай-ақ, Тереңкөл ауданының полиция бөлімінде бұрынғы тәрбиешіге қатысты ҚР ҚК 140-бабы 2-бөлігі бойынша (кәмелетке толмағанға қатыгездік көрсету жағдайында білім беру және тәрбиелеу жөніндегі міндеттерді орындамау) қылмыстық іс қозғалды.
Қызметтік тексеру нәтижесінде оқу-тәрбие ісі жөніндегі директордың орынбасары оқу-тәрбие процесін бақылау бойынша лауазымдық міндеттерін тиісінше орындамағаны үшін тәртіптік жазаға тартылып, сөгіс жарияланды.