Павлодарлық жастар Бисмарк сөзімен құрдастарын саяси белсенділікке шақырды
Өскелең ұрпақ жаңа Конституцияның артықшылықтарына тоқталды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Жастар Достық үйінде Павлодар облысы әкімінің орынбасары Айгүл Мәлікованың қатысуымен өткен «Конституция және біз: болашақ туралы диалог» дөңгелек үстелде еркін сөйлеуге мүмкіндік алды.
Алдағы референдум жастар үшін несімен маңызды және жаңа Конституция өскелең ұрпаққа не береді? деген сауалға Торайғыров университетінің 4-курс студенті Нұргүл Жиенбек жауап беруге тырысты.
- Әділеттілік пен тең мүмкіндік қағидаттары жастардың мемлекеттік басқару ісіне белсенді араласуына жол ашып отыр, яғни ендігі кезде шешім қабылдау ісіне таныс-тамыр арқылы емес, білім мен кәсібилілік арқылы жастар билікте, бизнесте табыстарға жетуге кепілдік берілуде. Жастар сапалы білім алып, жұмыс істеп, өз істерін ашқысы келеді, ал ол тек құқықтық іргетасы берік елде ғана болуы мүмкін, - дейді Нұргүл Жиенбек.
Оның сөзіне қарағанда, заман жастардан енжарлықтан арылып, саяси өмірге белсенді қатысуын талап етуде. Нұргүл Жиенбек әйгілі Герман империясының тұңғыш канцлері Отто фон Бисмарктың «Егер саясатпен айналыспасаң, саясат сенімен айналысады» деген сөзін келтіріп, құрдастарын 15 наурызда өз таңдауын жасауға шақырды.
ҚР жаңа Конституциясын қабылдау бойынша республикалық референдум 15 наурызда өтеді. Сайлау учаскелері сайлау күні таңғы сағат 7:00-ден кешкі сағат 8:00-ге дейін жұмыс істейді.