Павлодарлықтарға енді ажырасуға өтініш бергенде бір рет қана татуласуға болатыны ескертілді
Отбасылық қатынастарға қатысты заң баптарына өзгерістер енгізілді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Бұл туралы баспасөз жиынында Павлодар облысының полиция департаменті басшысының бірінші орынбасары Жасқайрат Қайыров мәлім етті.
- Биылғы жылдың 4 айының қорытындысы бойынша облыста отбасылық-тұрмыстық қатынастар саласында 31 қылмыс тіркелді. Оның ішінде өкінішке орай, 4 өлім жағдайы, сондай-ақ ауыр жарақаттар салу, зорлау қылмыстары бар, - деді Жасқайрат Қайыров.
Осы қылмыстардың алдын алу үшін полиция органдары жыл басынан бері отбасылық дебоширлерге қатысты – 2 мыңнан астам қорғаныс ұйғарымын шығарды. 278 адамның мінез-құлқына ерекше талаптар қойылды. Оның ішінде 258 адамға алкогольді ішімдіктерді ішуге тыйым салынды.
Наркологиялық диспансерде мәжбүрлеп емдеуге 156 сотталған маскүнем мен нашақор тартылды.
Жасқайрат Қайыровтың айтуынша, отбасылық жанжалға қатысты жазаны қатаңдату үшін осы жылдың 19 мамырынан бастап заңға өзгерістер күшіне енді.
Қылмыстық кодекс бойынша 107-бап орташа ауыр жарақат салу және 106-бап ауыр жарақат салу бойынша жазалар күшейтілді.
Ал, 1 шілдеден бастап әкімшілік кодексте өзгерістер күшіне енеді. Оның ішінде енді жанжал шығарғандарға ескерту берілмей, бірден жаза қолданылатын болады.
- Енді ажырасуға өтініш бергендерге бір рет қана татуласуға мүмкіндік беріледі. Өйткені ерлі-зайыптылар болғасын бүгін ұрсысып, ертең татуласып жатады. Ажырасуға өтініш беріп, қайта татуласып, ертеңінде тағы шағым түсіріп тұрады. Сондықтан осындай ереже енгізілуде, - деді Жасқайрат Қайыров.
Оған қоса, енді куәгерлердің куәлік етуімен отбасында зомбылық жасағандарға әкімшілік іс қозғалатын болады. Шешімді сот қабылдайды. Әйтпегенде, бұрын шағым болмаса іс қозғалмайтын.
Сонымен қатар, бұрын 1 тәуліктен 5 тәулікке дейін қамауға алу жазалары қолданылса, енді нақты 5, 10, 15, 20 тәулікке қамауға алу шаралары қолданылады.
Фото: ашық дереккөздерден