Павлодарлықтарға «Energosbyt» атынан хабарласқан алаяқтар көбейген

Павлодарлықтарға «Energosbyt» атынан хабарласқан алаяқтар көбейген
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Белгісіз адамдар тұрғындарға мессенджер арқылы хабарласып, электр есептеуішін тексеру сылтауымен SMS-код сұрап жатыр, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

«ПАВЛОДАРЭНЕРГО» АҚ мәліметінше, қаскөйлер өздерін «Energosbyt» ұйымының қызметкерлері ретінде таныстырып, мессенджерлер арқылы қоңырау шалып немесе хабарлама жібереді. Олар электр монтерінің келетінін айтып, «өтінімді растау» немесе «қызметкерді сәйкестендіру» үшін телефонға келген SMS-кодты атауды талап етеді.

Компания мұндай ұйымның «ПАВЛОДАРЭНЕРГО» АҚ құрылымында жоқ екенін ескертті.

Энергетиктердің айтуынша, «ПЭТК» АҚ қызметкерлері ешқашан телефон арқылы немесе мессенджерде SMS-код сұрамайды.

Есептеу құралдарын тексеретін бақылаушылар тұрғындардың үйіне жеке барып, міндетті түрде қызметтік куәлігін көрсетеді. Егер пәтер иесі үйде болмаса, есептеу құралына қол жеткізу қажеттігі туралы ресми хабарлама қалдырады.

Мұндай хабарлама алған жағдайда тұрғындарға жұмыс уақытында хабарламада немесе төлем түбіртегінде көрсетілген қалалық телефон нөміріне хабарласып, тексерудің себебін нақтылап, мамандардың келу уақытын келісу ұсынылады.

Энергетиктер павлодарлықтарды сақ болуға, белгісіз адамдарға SMS арқылы келген кодтарды ешқашан хабарламауға және алаяқтардың арбауына түспеуге шақырады.