Павлодарлықтарға коммуналдық төлемдерді өтеуге тұрғын үй көмегі беріледі
Әлеуметтік қолдау шарасы коммуналдық қызмет шығындарының бір бөлігін өтеуге мүмкіндік береді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Павлодар қаласы жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің мәлімдеуінше, облыс орталығының аз қамтылған тұрғындары коммуналдық қызмет ақысын төлеуге тұрғын үй көмегін рәсімдей алады.
Тұрғын үй көмегінің мөлшері коммуналдық қызметтерге нақты жұмсалған шығындар мен отбасының шекті рұқсат етілген шығындарының арасындағы айырмашылық негізінде есептеледі. Бұл ретте тұрғынның коммуналдық төлемдерге жұмсай алатын шекті шығыны 5 пайызды құрайды.
Тұрғын үй көмегін меншігінде бір ғана тұрғын үйі бар және Павлодар қаласында тұрақты тіркеуде тұрған аз қамтылған азаматтар мен мемлекеттік тұрғын үй қорынан жалдау шарты бойынша баспана жалдап тұратын азаматтар ала алады.
Көмекті рәсімдеу үшін Халыққа қызмет көрсету орталығына (ХҚКО) жүгініп, мына құжаттарды ұсыну қажет:
- жеке куәлік;отбасының өткен тоқсандағы табысын растайтын құжаттар;
- өткен тоқсандағы коммуналдық қызметтер бойынша төлем түбіртектері (жылу, су, электр энергиясы, газ және басқа да қызметтер);
- байланыс қызметтері бойынша түбіртек немесе шарт;
- тұрғын үйді жалдау шарты (бар болса);
- 20 таңбалы банк шотының нөмірі.
Тұрғын үй көмегін алу тәртібі мен қажетті құжаттар туралы қосымша ақпаратты 32-17-28 телефоны арқылы білуге болады.