Аққулыда пошта қызметкері сүт өнімдерін шығаратын шағын цех ашпақ
Зайнагүл Казиханова – көпбалалы ана, Жаңатаң ауылының тұрғыны, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Аққулы аудандық пошта байланысы торабында касса меңгерушісі болып қызмет етеді. Сондай-ақ үй жағдайында сүт өнімдерін жасаумен айналысады. Бұдан бөлек, дүкен ұстайды. Отбасылық «Салават» шаруа қожалығында жолдасымен бірге мал өсіреді.
Отбасы 2019 жылы «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ арқылы бес млн теңге көлемінде несие рәсімдеп, ірі қара мал сатып алған.
– Қазіргі таңда қыс мезгілінде алты сауынды сиыр бар. Қасымда көмекшім жұмыс істейді. Күніне 30 литрдей сүт аламыз. Жазғы уақытта сауылатын сиырлардың саны да көбейеді. Сүттен уыз, ірімшік, құрт, май, қаймақ, жент, қоспа жасаймын. Сұраныс бар, алайда үлкенірек ғимарат керек. Тапсырыс бойынша көрші ауылдық аймақтарға, қалаға жіберіп тұрамын, – дейді Зайнагүл Казиханова.
Кәсіпкер алдағы уақытта мемлекеттік бағдарлама бойынша кәсібін кеңейтіп, сүт өнімдерін шығаратын цех ашуды жоспарлап отыр. Ол үшін жергілікті жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөліміне жүгініп, өтініш берген.
– Мұның барлығы – тынымсыз еңбектің нәтижесі. Жолдасым Хатяммен бірге мал шаруашылығымен айналысамыз. Бес баламыз бар. Үлкені – студент, кішісі – бірінші сынып оқушысы. Сүттен көптеген табиғи таза әрі пайдалы тағам жасауға болады, – дейді ол.
Зайнагүл Казиханова бүгінде көпшілік арасында ұмытыла бастаған жаңа төлдеген малдың ең маңызды сүті – уыз туралы айтып берді. Бұл тағам алғашқы үш-бес тәуліктегі сүттен дайындалады. Сары уызды енді ғана төлдеген малды бірінші рет сауғанда алады. Ал бір тәулік өткен соң сүттің маңыздылығы кеміп, ақ уыз пайда болады.
– Уыздың құрамы антиоксиданттарға өте бай. Ағзаның қорғаныш қасиеттерін арттырып, ас қорыту жүйесін ретке келтіреді. Нәрлiлiк қасиетi бойынша уыз сүттен асып түседi. Дайын уыз – тек балалардың ғана емес, үлкендер де сүйсiне жейтін тағам. Уызды пайдалану денсаулыққа өте пайдалы, – дейді ол.
Кәсіпкердің мақсаты – сүт өнімдері өндірісінің көлемін арттыру, халыққа табиғи таза әрі пайдалы өнім ұсыну.