Павлодарлықтарға полицияға арыз беруге арналған онлайн жүйе іске қосылды
2017 жылдан бастап іске қосылған qamqor.gov.kz интернет-порталы жыл сайын адамдардың ыңғайлы қолданысы үшін жаңарып келеді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасы Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитеті Павлодар облысы бойынша департаменті бастығының міндетін атқарушы Жәнібек Кенжебаев мәлім етті.
– Құқық қорғау органдары қызметкерлерінің қылмыстық құқық бұзушылықтарды жасыруын болдырмау мақсатында және азаматтарға ыңғайлы болу үшін порталда полицияға онлайн форматта өтініш беру сервисі іске асырылды. Оны пайдалану үшін электрондық цифрлық қолтаңба және интернетке қол жеткізу жеткілікті, – дейді спикер.
Оның айтуынша, бас прокурордың басшылығымен Комитет «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде «электрондық қылмыстық іс» (е-ҚІ), «әкімшілік өндірістердің бірыңғай тізілімі» (ӘӨБТ), «тексерулер субъектілері мен объектілерінің бірыңғай тізілімі» (ТСОБТ) және ҚР ЦДИАӨМ-мен бірлесіп, «Е-Өтініш» жобасы сияқты бірқатар цифрлық жобаларды жүзеге асыруда.
Құқықтық ақпаратты қалыптастыру, арнайы есепке алу, бизнесті қорғау және прокурорлық қадағалауды жүзеге асыру функцияларының үйлесуі мемлекет пен қоғамды барынша сенімді ақпаратпен қамтамасыз етуге ықпал етеді (елдегі қылмыстың жай-күйі, қылмыстық қудалау және сот органдарының сандық-сапалық көрсеткіштері, кәсіпкерлікті қорғау және қолдау жөніндегі мемлекеттік органдардың жұмысы, әкімшілік құқық бұзушылықтарға қарсы күрес, мемлекеттік органдардың өтініштермен жұмысы туралы).
– Ақпараттық жүйелер мен олардағы мәліметтердің интеграциясы it технологияларының құралдарын пайдалана отырып, мемлекеттік құқықтық статистиканы қалыптастырудың ажырамас тетігін құрайды, – дейді Жәнібек Кенжебаев.
Оның сөзінше, ақпараттық қауіпсіздіктің барлық талаптары сақталды. Барлық ұсынылған жүйелерде АҚ талаптарына сәйкестік аттестаты бар.
Ақпарат алу үшін qamqor.gov.kz порталына кіру қажет, әрі қарай сот әрекетке қабілетсіз немесе әрекет қабілеті шектеулі деп таныған адамдардың тізімі бөлімінде ЖСН мен жеке басын куәландыратын құжаттың деректерін енгізу қажет. Осыдан кейін жүйеде талап ету орны бойынша ұсыну үшін оны қағаз түрінде басып шығару мүмкіндігі бар анықтама жасалады. Бұл анықтама электрондық цифрлық қолтаңба арқылы куәландырылған және ресми құжат болып табылады.
– Құқық қорғау қызметін цифрландыру – Қазақстанда заманауи технологияларды қолдана отырып жүргізіліп жатқан құқықтық саланы жаңғыртудың үлкен блогы екенін атап өткім келеді. Прокуратура құқық қорғау жүйесінің өзегі бола отырып, бұл жұмысты үйлестіреді, – дейді ол.
Айта кетейік, бұл платформа тұрғындарға қызметтердің кең спектрін, алимент бойынша борышкерлерді іздеуге, құқық қорғау органдарына жүгінуге, құқықтық статистикаға қолжетімділікті, сондай-ақ жол-көлік оқиғаларына қатысушылар туралы ақпаратты және басқа мүмкіндіктерді ұсынады. Бүгінде интернет-порталда 17 қызмет түрі ұсынылған.