Павлодарлықтарға Президент Жолдауының негізгі міндеттері түсіндірілді
Құрылтай депутаттары өңір кеншілерімен және жастармен кездесті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
«Шығыс» разрезінің еңбек ұжымымен бас қосуда ҚР Құрылтай депутаты Жарқынбек Амантай қалдықсыз көмір генерациясын дамыту, энергия өндіру көлемін арттыру және геология саласын өркендету бағыттарына тоқталды.

– Бүгінде алдымызда инфрақұрылымды жаңғырту және энергетикалық тәуелсіздікке қол жеткізу міндеті тұр, – деді Жарқынбек Амантай. – Қазір елімізде деректерді өңдеу орталықтары салынып жатыр. Олардың жұмысына орасан зор көлемде электр энергиясы қажет. Бұл ретте көмір энергетикасының маңызы ерекше. Сондықтан сіздердің еңбектеріңіз ел үшін аса маңызды. Бүгінгі кездесудің мақсаты – Президент Жолдауын жай ғана қайталап айту емес, оның астарын түсіндіріп, көтерілген міндеттердің өндіріс саласы мен әрбір еңбек адамы үшін маңызын жеткізу. Сіздер бұл бағытта онсыз да аянбай еңбек етіп келесіздер. Ал жұмысшы мамандықтарын қолдау мен олардың мәртебесін арттыру – мемлекеттің басты міндеттерінің бірі.
Кәсіпорынның бас геологы Наурызбек Дәкен Жолдауда айтылған жастарды қолдау шараларының маңыздылығын атап өтті. Оның айтуынша, мемлекет тарапынан жас мамандарға көрсетіліп жатқан қолдау еңбекке деген ынтаны арттырады.

– Мемлекет жастарға ерекше көңіл бөліп келеді. Мәселен, 2025 жылы маған пәтер кілті табысталды. Бұл – жас маман үшін үлкен қолдау әрі алға ұмтылуға, өз жұмысыңа жауапкершілікпен қарауға берілген қосымша ынталандыру, – деді Наурызбек Дәкен.
Айта кетейік, бүгінде «Шығыс» разрезінде 2300-ге жуық адам еңбек етеді. Ұжым қатарында жастардың үлесі де артып келеді. Ал кәсіпорынның көлік-технологиялық колоннасының бастығы Александр Ларенц өндірістегі тұрақтылық пен еңбек жағдайының маңызын айтты.

– Әлемде түрлі экономикалық қиындықтар мен тұрақсыздықтарға қарамастан, елімізде өндіріс қарқынды дамып келеді. Әсіресе, еңбек адамына жағдай жасау, өндірісті жаңғырту және жас мамандарды қолдау бағыттары біз үшін өзекті, – деді Александр Ларенц.
Қорытынды кездесуде халық қалаулысы өндіріс қызметкерлерінің пікірін тыңдады.

Сонымен қатар, Құрылтай депутаттары Павлодардағы Жастар бастамаларын дамыту орталығында болып, жастармен кездесіп, волонтерлік қозғалысты дамыту және қоғамдық бастамаларды қолдау мәселелерін талқылады. Қазақстан Халық Кеңесі қоғамдық бастамаларды дамыту комитетінің төрағасы Вера Кимнің айтуынша Ата Заңның 31-бабының 2-тармағында әлеуметтік сақтандыру және қайырымдылықпен қатар, волонтерлік қызметті қолдау да қарастырылған.

– Бұл – волонтерлік қозғалысты дамытудағы маңызды қадам. Алдағы уақытта осы бағытта түрлі бағдарламалар әзірленіп, жүзеге асырылады деп сенемін. Жастардың қоғамдық бастамаларын қолдауға дайынбыз. Ең бастысы, ұсыныстар жеке адамның мәселесін шешуге емес, белгілі бір әлеуметтік топтың, өңірдің немесе тұтас елдің жүйелі проблемаларын еңсеруге бағытталуы керек, – деді Вера Ким.
Ал Еуразия университеті Жоғары колледжінің екінші курс студенті Айнель жастарды волонтерлік қозғалысқа қосылуға шақырды. Оның айтуынша, оқу орнының жастар ұйымы бірқатар қайырымдылық шараларына ат салысып келеді.
– Біз «Таза Қазақстан» акцияларына қатысып, қарттар үйлері мен балалар мекемелерінде қайырымдылық шараларын өткіземіз. Балаларға оқу құралдарын таратып, қолдау көрсетеміз. Сонымен қатар, емделуге қаражат қажет ететін жандарға көмек жинаймыз. Басты мақсатымыз – волонтерлік қозғалысқа көбірек жасты тарту, – деді ол.

Еске сала кетейік, Павлодар облысына Құрылтай депутаттары Илья Теренченко мен Жарқынбек Амантай, Қазақстан Халық Кеңесі қоғамдық бастамаларды дамыту комитетінің төрағасы Вера Ким, сондай-ақ Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Елдар Күзенбаев пен Энергетика вице-министрі Ілияс Бақытжан жұмыс сапарымен келді. Олар Павлодар қаласында С.Торайғыров университетінің ұжымымен және Павлодар алюминий зауытының жұмысшыларымен кездесулер өткізді. Сонымен қатар, Ақсу қаласына барып, жергілікті тұрғындармен жүздесті.
Фото:Татьяна Вервейко