Павлодарлықтар көлікті «отқа оранудан» қалай сақтай алады?
Қысқы суықта темір тұлпарды жылытудың қате әдістері мен техникалық немқұрайлылық жыл басынан бері жүздеген көліктің күлін көкке ұшырды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, жыл басынан бері еліміздің аумағында автокөліктерде 373 өрт оқиғасы тіркелді.
– Әсіресе аязды күндері мұздап қалған бөлшектер мен агрегаттарды ашық отпен жылыту әрекеттері салдарынан жану деректері жиілейді. Көлікті жылыту үшін ашық отты қолдануға қатаң тыйым салынатынын және бұл әрекет азаматтардың өмірі мен мүлкіне нақты қауіп төндіретінін ескертеміз, – деді мамандар.
Автокөліктердің өртенуіне негізгі себеп болатын факторлар: электр жүйесінің ақаулары, сымдар изоляциясының зақымдануы, жанармай мен майдың ағуы, агрегаттардың қызып кетуі және қосымша электроқұрылғылар орнатылған кездегі қысқа тұйықталу.
– Техникалық ақауы бар көлікті пайдалану өрт қаупін едәуір арттыратынын ұмытпаған жөн. Көлік құралында жанғыш материалдар өте көп, сондықтан тіпті кішкентай ақаудың өзі от көзімен жанасқанда өрттің тез таралуына және машинаның толықтай жанып кетуіне әкеп соғады, – делінген хабарламада.
Осыған байланысты ТЖМ автокөлік иелеріне көлікті уақтылы техникалық қызметтен өткізуді және электр мен жанармай жүйесінің жай-күйін ұдайы бақылауда ұстауды ұсынады. Сондай-ақ ақауы анықталған көлікті пайдаланбау, машина ішінде әрдайым жұмыс істейтін өрт сөндіргіштің болуын қамтамасыз ету және мұздап қалған бөлшектерді жылыту үшін ашық отты мүлдем қолданбау қажеттігін ескертеді.