Павлодарлықтар туристер чемпионатынан жүлдемен оралды
Жарыс Түркістан облысындағы Арыс өзенінің жағасында өтті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Аралас туризм бойынша республикалық чемпионатқа және туристік көпсайыстан Қазақстан кубогының финалдық турниріне барлық облыстар мен Астана, Алматы, Шымкент қалаларының спорт және туристік клубтарының құрама командалары қатысты.
Павлодар қаласының намысын 19 және одан жоғары жас аралығында «Пирамида», «Вершина» туристік клубтарынан құралған «Ересектер» командасы, 14 - 18 жастағы қатысушылар арасында «Жасөспірімдер» клубынан шыққан «Ұлдар» командалар қорғады.
- Аралас туризм – бұл спорттық туризмнің күрделі және әртүрлі деңгейден құрылған түрі. Спортшылардың алдында жеті түрлі деңгейден өту міндеті тұрды. Екеуі су туризмі бойынша слалом және суда адамды құтқару, екеуі велосипед туризмі бойынша жолсыз жерлерден жүру және мәнерлеп жүргізу ал үшеуі жаяу жүргіншілер туризмі бойынша қашықтықтан өткелді бағындыру, бірнеше блоктар мен элементтерді орындауды қамтитын қысқа қашықтық, жұппен жұмыс жасауды көрсететін «Байламдар» қашықтығы болды, - делінген хабарламада.
Жарыстың қорытындысы бойынша павлодарлықтар 25 жүлделі орынға ие болды. Оның ішінде бірінші орын - 9, екінші орын - 7, үшінші орын - 9.
Туристік көпсайыстан Қазақстан кубогының финалдық чемпионатында орындар осы жылдың 9 айының нәтижелері бойынша анықталды. Қорытынды бойынша Павлодар қаласының құрамасы кубоктың барлық кезеңдеріне қатысып, үздік нәтижелер көрсеткені атап өтілді.
Тұғырдағы марапаттау кезінде I орынды Кадиев Рамиль, қыздар арасында Бикмуллина Дания, II орынды Сидоренко Михаил, III орынды ерлер арасында Деркач Кирилл иеленді.