Павлодарлықтарды судағы қауіпсіздік ережелерін сақтауға шақырады

Павлодарлықтарды судағы қауіпсіздік ережелерін сақтауға шақырады
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Судағы қауіпсіздік талаптарын бұзғандар жауапқа тартылуда, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Шомылу маусымында су айдындарындағы жазатайым оқиғалардың алдын алу мақсатында Павлодар облысы төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері полиция департаментінің қызметкерлерімен бірлесіп өңірдің су айдындарында күшейтілген профилактикалық рейдтер өткізуде.

Іс-шаралар барысында мамандар акваторияны патрульдеп, демалушылармен профилактикалық әңгімелер жүргізіп, судағы қауіпсіздік талаптарын түсіндіруде. Сонымен қатар, жабдықталмаған жерлерде шомылуға болмайтынын және балаларды қараусыз қалдырудың қауіпті екенін еске салуда.

Ерекше назар шағын көлемді кемелерді пайдалану қағидаларын сақтау, құтқару кеудешелерін қолдану және су айдындарындағы қауіпсіздік талаптарын бұзу фактілерін анықтауға аударылуда. Рейдтер барысында ТЖД мен полиция қызметкерлері құқық бұзушыларды анықтап, оларды Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес әкімшілік жауапкершілікке тартуда. Демалушыларға судағы қауіпсіз жүріс-тұрыс қағидалары көрсетілген жадынамалар да таратылуда.

Төтеншеліктердің айтуынша, судағы қайғылы оқиғалардың басым бөлігі қарапайым қауіпсіздік талаптарын елемеуден орын алады. Осыған байланысты профилактикалық рейдтер мен қауіпсіздік талаптарының сақталуын бақылау шомылу маусымы бойы тұрақты және күшейтілген режимде жүргізілетін болады.

Павлодар облысының төтенше жағдайлар департаменті өңір тұрғындары мен қонақтарын қауіпсіздік ережелерін сақтауға, тек рұқсат етілген орындарда демалуға, балаларды қараусыз қалдырмауға және өз өмірі мен жақындарының өміріне қауіп төндірмеуге шақырады.