Павлодарлық дәрігерлер клиникалық өлімді басынан кешірген әйелге екінші өмір сыйлады
Бүгінгі таңда науқастың жағдайы тұрақты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Жедел жәрдем пультіне шұғыл шақырту 25 қаңтар күні түсті. Қоңырау шалушы қарттар пансионатының тұрғынында тұншығу ұстамасы басталғанын хабарлаған. Белгілі болғандай, ол түскі ас кезінде тамаққа қақалып қалған.
Бригада диспетчер шақыртуды бергеннен кейін 3 минут ішінде оқиға орнына жеткен.
– Сол сәтте әйел клиникалық өлім жағдайында болған. Медицина қызметкерлері дереу науқастың тыныс алу жолдарын босатып, реанимациялық іс-шараларды бастады. Реанимацияны жас дәрігер жүргізді, ол Павлодар облыстық «103» станциясының барлық қызметкерлері сияқты тиісті даярлықтан өткен. Әйелдің өмірі қалпына келтірілгеннен кейін, ол жасанды өкпе желдету аппаратына қосылып, Павлодар қалалық №1 ауруханасына жеткізілді, – деді жедел жәрдем станциясының баспасөз қызметінде.
27 қаңтар таңындағы жағдай бойынша науқас реанимация бөлімінен жалпы палатаға ауыстырылып, дәрігерлердің бақылауында. Мамандар реанимациялық көмектің уақтылы көрсетілгенін және жедел жәрдем бригадасының жоғары кәсіби деңгейін атап өтуде. Дәл осы жедел әрі сауатты әрекеттер әйелдің өмірін сақтап қалуға мүмкіндік берді.
Бұл - жыл басынан бері «103» қызметі медицина қызметкерлері жүргізген екінші сәтті реанимация жағдайы. Айта кетейік, 16 қаңтарда жедел жәрдем бригадасы үйінде кенеттен есінен танып қалған тағы бір науқасты аман алып қалған болатын.