Павлодарлық студенттерге қалай «полиция лейтенанты» атануға болатыны айтылды

Павлодарлық студенттерге қалай «полиция лейтенанты» атануға болатыны айтылды
Фото: Павлодар облыстық полиция департаменті

Іс-шаралар еркін форматта өтті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Тәртіп сақшылары Жастар бастамаларын дамыту орталығының алаңында кәсіби бағдар беру жұмысы аясында Павлодар қаласының жоғары оқу орындары мен колледждерінің студенттерімен кездесті.

Облыстық полиция департаменті ЖҚАЖ инспекторы Бейбіт Жақыпов ҚР ІІМ жүйесінің жоғары оқу орындарына түсушілерге қойылатын тәртіп пен талаптар, түсу емтихандары, қызметтің артықшылықтары және түлектердің болашағы туралы айтып берді.

Кадрларды іріктеу – біздің алдымызда тұрған маңызды міндет. Полиция мамандығы беделді және сұранысқа ие, адамнан жоғары шыдамдылық пен жауапкершілікті талап етеді. Біздің оқу орындары курсанттарға тегін тамақ, киім нысаны, шәкіртақы ұсынады, – деді Бейбіт Жақыпов.

Жоғары заңгерлік білім алумен қатар, жоғары оқу орындарының түлектеріне «полиция лейтенанты» арнайы атағы және міндетті жұмысқа орналасу мүмкіндігі ұсынылады. Сонымен қатар, оқу уақыты мерзімді әскери қызмет өткерумен теңестіріледі.

Түлектер қызықтырған сұрақтарын қойып, толық жауаптар алды. Іс-шара соңында ҚР ІІМ жоғары оқу орындарына түсуге ниет білдірушілер үшін байланыс деректері бар ақпараттық буклеттер таратылды.

Студенттер полиция қызметкерлеріне осындай кездесулер үшін алғыстарын білдіріп, мұндай диалогтарды жалғастыруға тілек білдірді.