Павлодарлық теннисшілер халықаралық турнирде жеңісті қолдан жіберіп алды
Жарыс Ливан елінің астанасы Бейрут қаласында өтті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстың үстел теннисі федерациясының мәлімдеуінше, 19-21 наурыз аралығында өткен үстел теннисінен «WTT Feeder Beirut» халықаралық турнирінде ел намысын облыс спортшысы Ангелина Романовская қорғады.
– Өкінішке орай, теннисшілеріміздің ешқайсысы жүлделі орындарға қол жеткізе алмады, алайда әйелдер арасындағы жұптық сайыста жеңіске жақындаған Ангелина Романовская мен Анель Бақыт ширек финалға жетіп, қарсыластарынан жеңіліп қалды, – дейді баспасөз қызметі.
Алайда, аталмыш турнирден еліміздің спортшылары құр қол қайтып келмеді. Қазақстандық Кирилл Герасименко күміс медальді иеленсе, жұптық сайыстан Айдос Кенжеғұлов пен Алан Құрманғалиев және Зәуреш Ақашева мен Сарвиноз Миркадирова қола медальдармен оралды.