Павлодарда WorldSkills-2026 чемпионатының жеңімпаздары анықталды

Павлодарда WorldSkills-2026 чемпионатының жеңімпаздары анықталды
Фото: Ақмарал Есимханова

70-ке жуық үздік қатысушы марапатқа ие болды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Облыста кәсіби шеберліктің өңірлік чемпионаты – WorldSkills Pavlodar-2026 өз мәресіне жетті. Чемпионаттың жабылу салтанаты «Электроника және коммуникациялар жоғары колледжі» базасында өтіп, үздік қатысушылар мен білім беру ұйымдары марапатталды.

Биылғы чемпионатқа Павлодар облысындағы 39 колледжден 334 студент қатысып, 70 құзыреттілік бойынша бақ сынады. Ұзақ уақытқа созылған жарыс барысында қатысушылар өз мамандықтары бойынша кәсіби дағдыларын көрсетіп, өңірдің үздік жас маманы атағын сарапқа салды.

Салтанатты жиында облыстық білім беру басқармасы басшысының орынбасары Алма Айтуарова жастарды жеңістерімен құттықтады.

Бұл жай ғана байқау емес, бұл – болашаққа бастайтын үлкен қозғалыс. Мамандық жолында кәсіби тұрғыда шыңдалуға мүмкіндік беретін маңызды алаң. Бүгін сіздер нағыз шеберліктің, еңбек пен ізденістің нәтижесін көрсеттіңіздер. Өңірлік кезеңдегі жеңіс – республикалық және халықаралық деңгейге бастайтын үлкен жолдың бастауы, – деді ол.

Байқау қорытындысы бойынша алтын медаль саны бойынша үздік нәтиже көрсеткен бес колледж анықталды. Павлодар облысы білім беру басқармасының Алғыс хаттарымен электроника және коммуникациялар жоғары колледжі, ақпараттық технологиялар колледжі, Ақсу қара металлургия колледжі, «Ертіс» жоғары инновациялық аграрлық колледжі және Павлодар политехникалық жоғары колледжі марапатталды.

Жарыстың негізгі бөлігі білім беру, медицина, өнер, цифрлық технологиялар, инженерия, құрылыс, көлік, байланыс, қызмет көрсету және AgroSkills бағыттары бойынша жеңімпаздарды марапаттауға арналды. Жалпы есепте 70 қатысушы жүлдегер атанды. Бірінші орын иегерлеріне 50 мың теңгелік, екінші орын алғандарға 40 мың теңгелік, ал үшінші орын иегерлеріне 30 мың теңгелік сертификаттар табысталды.

Биылғы чемпионаттың тағы бір ерекшелігі – «Цифрлық және ақпараттық технологиялар» бағыты бойынша республикалық кезең жеңімпаздарына 2027–2028 оқу жылына арналған Инновациялық Еуразия университетінің екі білім грантының ұсынылуы болды.

Медициналық жоғары колледждің екінші курс студенті Гүлназ Шәкенованың айтуынша, чемпионат оған кәсіби тұрғыда үлкен тәжірибе берген.

WorldSkills чемпионатына қатысудағы мақсатым – мамандығым бойынша өзімді дамыту және білімімді жетілдіру болды. Байқауда қант диабеті, патронаж қызметі, жараны өңдеу және колостома бойынша төрт алгоритм ұсындым. Дайындыққа бір ай уақыт кетті. Осы конкурс арқылы көптеген жаңа дүниені үйреніп, тәжірибе жинадым. Енді республикалық кезеңге жолдама алдым, оған дайындықты жақын арада бастаймын, – дейді студент.

Қызмет көрсету саласы колледжінің үшінші курс студенті Әйгерім Асқар шаштараз өнері құзыреттілігі бойынша бірінші орын иеленді.

Байқауда химиялық бұйралау, шаш бояу, сәндеу және шаш үлгісін жасау жұмыстарын орындадым. Нәтижесінде бірінші орын алдым. Бұл мамандыққа бала кезден қызығушылығым болды. Алғашында анам менің осы салаға бейімім бар екенін айтып, қолдау көрсетті. Кейін өзім де болашағымды осы мамандықпен байланыстырғым келетінін түсіндім, – дейді жеңімпаз.

WorldSkills чемпионатының бас сарапшысы Гүлжан Тынысбек қатысушылардың дайындық деңгейіне жоғары баға берді.

Барлық қатысушылар лайықты деңгейде өнер көрсетті. Олардың арасынан өңірімізді республикалық деңгейде таныстыратын ең үздік үміткерді таңдау оңай болған жоқ. Біз республикаға өңір намысын қорғайтын мықты қатысушы барады деп сенеміз. Конкурстық тапсырмалар арнайы критерийлер бойынша әзірленеді және нақты тапсырмалар чемпионат басталғанға дейін құпия сақталады, – деді сарапшы.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, WorldSkills Pavlodar-2026 чемпионаты студенттердің кәсіби даярлығының жоғары деңгейін көрсетіп қана қоймай, жұмыс берушілер мен білім беру ұйымдарының өзара байланысын нығайтуға, талантты жастарды қолдауға және еңбек нарығына бәсекеге қабілетті мамандар даярлауға мүмкіндік берді.