Павлодарлық жылу желілерінде 50 жылдық құбырлар ауыстырылуда
Облыс орталығында жылу желілерінің орташа физикалық тозу деңгейі 92,2% құрайды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
2023 жылы инвестициялық бағдарламаны іске асыру шеңберінде «Павлодар жылу желілері» ЖШС жылу желілерін қайта құрылымдау бойынша өзіндік қаражат есебінен және «Тарифті инвестицияға айырбастау» бағдарламасы аясында бірнеше жоба жүзеге асырылуда.
«Павлодар жылу желілері» ЖШС бас директоры Марат Иманаевтың айтуынша, күзгі-қысқы кезеңде жылумен жабдықтау сапасы мен сенімділігін жақсарту үшін бір миллиардтан астам теңге сомасына құбырлар мен жабдықтарды жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Осындай учаскелердің бірі 1-ЖЭО коллекторынан бастау алып, Ломов пен Қамзин көшелерін қамтиды.
– №20 жылу магистралін қайта құрылымдаудың бірінші кезеңі басталды. Бұл магистраль – екі амортизациялық мерзімнен асып түсіп, 50 жыл бұрын тартылды. Бастапқыда ол қаланың негізгі жылу беру ағыны ретінде салынған болатын. Биыл магистральдің 250 метр, ал келесі жылы 550 метр құбыры ауыстырылады. Тұтынушыларды жылумен жабдықтауды жақсарту, құбырдың физикалық тозуын, апаттылығы мен жылу шығынын төмендету үшін құбырдың диаметрі 1000 милиметрге дейін ұлғайытылады,– деді Марат Иманаев.
Құбырларды тартуда мырышталған қабықшалы полиуретанды оқшаулаудағы болат құбырлар қолданылды. Учаскедегі жұмыстар қыркүйектің соңына дейін аяқталады деп көзделуде.
– Негізі бұл құбыр жыл сайын өткізілетін гидравликалық сынақтардан жақсы өтетін. Ақаулар көп болған жоқ. Алайда біз тәуекелге бара алмаймыз, өйткені жалпы тозу деңгейі бар. Құбыр өзінің қызметін толықтай атқарды, енді оны жоспарлы түрде қайта құру керек. Бірінші кезекте тозығы әбден жеткен, апатқа әкеп соқтыруы мүмкін учаскелерді таңдаймыз, – деді Марат Иманаев.
№134 жылу камерасында желу желісін қайта құрылымдау жобасы да «Тарифті инвестицияға айырбастау» бағдарламасы аясында жүргізілуде.
– Жалпы ұзындығы – 727,5 метр. Жоба полиуретанды оқшаулаудағы орамдық жылу желісін, сондай-ақ, ілмекті арматураны ауыстыра отырып, жылу камераларын қайта құрылымдауды көздейді. Аталмыш желі 1985 жылы орнатылған болатын. Құбыр 2024 жылдың соңына, яғни жылыту маусымының басталуына дейін іске қосылады, – деді «Павлодар жылу желілері» ЖШС қайта құру және жаңғырту бөлімінің бастығы Елена Чернова.
Ал келесі жылы қалада жаңа магистралі салынады деп көзделуде. Ол жылу магистралі 20А деп аталады. Оның жалпы ұзындығы сегіз километр болмақ. Марат Иманаевтың сөзінше ол жаңа трасса бойынша 1-ЖЭО коллекторынан №20 жылу магистраліне дейін созылады.