Павлодарлық іздестірушілер соғыста қаза тапқан жауынгердің туыстарын іздеуде
Волгоград облысында жүргізілген іздестіру жұмысы барысында Ұлы Отан соғысы кезінде қаза тапқан сарбаздың сүйегі табылды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Павлодарлық «Майдан жолы» іздестіру жасағына Сталинград облысындағы прокурор Степан Бекедов атындағы іздестіру жасағының жауынгерінен өтініш түскен. Жұмыс барысында соғыс жылдарында қаза тапқан сарбаздың сүйегі табылған.
Қаза тапқан жауынгердің жанынан гильза ішіне салынған сарбаз медальоны (жазба) табылды. Сақталған жазбаның арқасында оның жеке басы анықталды. Ол 1903 жылы туған Александров Леонид Данилович екені белгілі болды.
Мәліметке сәйкес, жауынгер майданға Алматы облысы Талдықорған аудандық әскери комиссариатынан шақырылған. Ол 1942 жылы Сталинград түбіндегі шайқаста қаза тапқан.
Мұрағат деректеріне сай, сарбаздың жұбайы Цембалеева Дарья Яковлевна болған. Отбасы сол кездегі Сталин көшесі, 51-үй мекенжайында тұрған (қазіргі Талдықорған қаласы, Жетісу облысының орталығы).
Іздеушілер Қазақстан тұрғындарын Александров Леонид Даниловичтің туыстарын табуға көмектесуді сұрайды. Туыстары табылған медальонды алып, қаласа, сарбазды қайта жерлеу рәсіміне қатыса алады.
Сұрақтар бойынша «Майдан жолы» іздестіру жасағының командиріне 8-777-461-73-78 телефоны бойынша хабарласуға және alex.shitov@mail.ru электронды поштасына хат жолдауға болады.