Павлодарлық ғалымдар мен студенттер Алтын Орда ескерткіштерін зерттеуде

Павлодарлық ғалымдар мен студенттер Алтын Орда ескерткіштерін зерттеуде
ЖИ иллюстрациясы

Марғұлан университетінің ғалымдары мен студенттері Алтын Орда дәуірінің археологиялық мұрасын зерттеуге бағытталған ғылыми экспедицияға аттанды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Экспедицияның негізгі мақсаты – ортағасырлық кезеңге жататын тарихи-мәдени ескерткіштерді іздестіру, зерттеу және археологиялық қазба жұмыстарын жүргізу. Ертіс өңірінің сол жағалауын, Қызылқақ көлін, сондай-ақ Өлеңті, Шідерті және Сілеті өзендерінің аңғарларын қамтиды. Зерттеу жұмыстары Павлодар, Солтүстік Қазақстан және Ақмола облыстарының аумақтарында жүргізілуде. 

Қазіргі таңда экспедиция мүшелері Павлодар облысының Ақтоғай ауданында ежелгі құрылыс орнының қирандыларында археологиялық қазба жұмыстарын бастады. Археологтардың алдын ала болжамынша, бұл нысан XIV ғасырға жатуы мүмкін.

— Қазба жұмыстары енді басталғанына қарамастан, алғашқы олжалар табылып үлгерді. Олардың қатарында Алтын Орда кезеңіне тән стандарттағы күйдірілген төртбұрышты кірпіштердің сынықтары мен бүтін үлгілері бар. Бұл табылған жәдігерлер аталған аумақта Алтын Орда дәуіріндегі маңызды нысанның болғанын айғақтауы мүмкін, - дейді университеттің баспасөз қызметі.

Экспедиция жұмысына «Мектептегі тарих» білім беру бағдарламасының студенттері белсенді қатысуда. Археологиялық зерттеулер барысында болашақ педагогтер тарихи-археологиялық дереккөздермен жұмыс істеудің тәжірибелік дағдыларын меңгеріп, далалық зерттеу әдістерін үйренуде. Сонымен қатар, олар тарихи ғылымда қолданылатын заманауи цифрлық технологияларды игеріп жатыр.

Экспедиция Қазақстанның тарихи-мәдени мұрасын зерттеу мен сақтауға, сондай-ақ жастардың ғылыми-зерттеу қызметіне қызығушылығын арттыруға өз үлесін қосуда.