Павлодарлық қыздардың ұршық иірудегі ептілігі сынға түспек

Павлодарлық қыздардың ұршық иірудегі ептілігі сынға түспек
Фото: Айгүл Жүсіпова

Оған қазақ мектептеріндегі 6-9-сыныптың оқушылары қатысады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Бұл туралы облыстық Бұқар жырау атындағы әдебиет және өнер музейінің баспасөз қызметі мәлімдеді.

— Ұлыстың ұлы күні - Наурыз мейрамына орай « Дәстүр -ұлттың тамыры» атты қалалық байқауы өтеді. Байқаудың негізгі мақсаты - Ұлыстың ұлы күнін лайықты атап өту, оқушыларды ұлттық өнерге баулу, ұлттық қолөнерді күнделікті өмірде қолдана білуге үйрету, шығармашылыққа жетелеу, ізденісін дамыту, қазақтың ұлттық өнеріне деген қызығушылығын арттыру, - делінген хабарламада.

Байқауға  Павлодар қаласының мектептеріндегі 6-9-қазақ сыныптарында оқитын қыз балалар  қатысады.

Ұйымдастырушылар доданың екі кезеңнен тұратынын атап өтті. Мәселен, бірінші кезеңде арулар жүнді қолмен түту арқылы бақ сынаса, екінші кезеңде қатысушылардың жылдам иіру қабілеті, ұршықпен жұмыс істеудегі ептіліктері сынға түспек. 

Жеңімпаз бен жүлделі орындарға ие болғандар дипломдармен және бағалы сыйлықтармен марапатталады. 

Айта кетелік, 17 наурыз  сағат 11.00-де өтеді.