Павлодарлықтарды ірі сыйақы қоры бар хакатонға қатысуға шақырды

Павлодарлықтарды ірі сыйақы қоры бар хакатонға қатысуға шақырды
Фото: decentrathon.ai

Ол Қазақстанның бірнеше қаласында, соның ішінде Павлодарда өтеді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Astana Hub-тың жобалық менеджері Алтынай Еленбаева атап өткендей, Decentrathon 4.0 хакатоны – ұзақтығы 24-тен 72 сағатқа дейін созылатын қарқынды шара. Онда бағдарламашылар, дизайнерлер, маркетологтар мен өзге де мамандардан құралған командалар өнімдердің түпүлгілерін жасап, таныстырады. Жыл сайын бұл шараға 20 қаладан үш мыңнан астам әзірлеуші жиналады.

– Біз хакатонды әрқашан бірнеше бағытта өткіземіз. Мысалы, AI, блокчейн және геймдев. Биыл серіктестеріміз Solana Superteam KZ қолдайтын бөлек блокчейн-трек – Solana Day ұйымдастырылады, – деді Алтынай Еленбаева.

18 жастан асқан мектеп оқушылары, студенттер, кәсіпкерлер мен тәжірибелі IT-мамандар жасанды интеллект саласында шешімдер әзірлейді. Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай ауқымды шара айрықша маңызды, себебі өңірлерден келген қатысушылар жиі жүлделі орындарды иеленеді

– Бұл мықты таланттар бүкіл елде бар екенін және дәл солар Қазақстанның цифрлық болашағын қалыптастыратынын дәлелдейді, – деп сендірді жоба менеджері.

AI-тректің эксклюзивті серіктестері – Банк ЦентрКредит, BCC HUB және inDrive. Олар қатысушыларға финтех пен мобильді технологиялар саласынан нақты тапсырмалар ұсынады. Мысалы, inDrive сервис сапасын арттыру үшін бейнелерді талдау жүйесін құруды тапсырды.

AI-тректің жүлде қоры – 15 миллион теңге. Жеңімпаздар Digital Bridge 2025 форумында жарияланады.

Бөлек іс-шара – Solana Day powered by Decentrathon, онда қатысушылар Solana блокчейн-желісімен жұмыс істейді.

– Solana Day үшін жеке жүлде қоры – 10 миллион теңге. Екі шараның жалпы жүлде қоры – 25 миллион теңге. Павлодар – қатысушылар өздерін көрсете алатын қалалардың бірі, – деп нақтылады Алтынай Еленбаева. – Егер сізде команда болмаса, оны Decentrathon-ның ресми чатынан табуға болады.

Ұйымдастырушылар хакатон-мәдениет дәстүрлерін сақтайды: іс-шара кезінде пиццаға арналған үзілістер, фирмалық мерч және тәжірибелі менторлардың қолдауы болады. Толық жобаларды (код + презентация + видео) тапсырғандар арасында MacBook Air, iPhone 16 және AirPods 4 ойнатылады.

Павлодарда қашан және қайда өтеді:

  • Solana Day – 12 қыркүйек, Toraighyrov University, Ломов көшесі, 64.
  • Decentrathon 4.0 – 13–14 қыркүйек, Toraighyrov University, Ломов көшесі, 64.

Тіркеу 12 қыркүйекке дейін decentrathon.ai сайтында ашық.