Павлодарға бауырлас қаланың делегаттары келді

Көршілес аймақтардың өкілдері стратегиялық серіктестікті нығайтуды талқылады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Павлодарға ресми іс-сапармен Омбы облысының губернаторы Виталий Хоценко бастаған делегация келді. Іс-сапар аясында облыс әкімдігінде өңіраралық ынтымақтастық мәселелері бойынша жиналыс өтті.
Павлодар облысы әкімінің міндетін атқарушы Серік Батырғұжинов әлеуметтік-экономикалық интеграцияның негізгі факторларының бірі ретінде шекара маңындағы өзара қарым-қатынастың маңыздылығын атап өтті.
– Біздің өңірлерді тек қолайлы географиялық жағдай мен тату көршілік қатынастар ғана емес, сондай-ақ біз дамытуға ұмтылатын тұрақты экономикалық байланыс та байланыстырады, – деп атап өтті ол.
Жиналыс барысында көлік, логистика, өнеркәсіп, агроөнеркәсіптік кешен салаларындағы әріптестік перспективалары, сондай-ақ маңызды трансшекаралық су артериясы болып табылатын Ертіс өзенінің стратегиялық ресурсын ұтымды пайдалану мәселелері де талқыланды.
Облыс әкімінің орынбасары Әйгерім Қабылтаева мен Омбы облысы үкіметі төрағасының орынбасары Андрей Шпиленко таныстырған Павлодар мен Омбы облыстарының инвестициялық әлеуеті ынтымақтастық үшін негізгі салаларды және кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдау шараларын белгілеуге мүмкіндік берді.
Сондай-ақ, «Сибирь», «Омская», «Электроточприбор», «Агрофирма Таврида», «Соляное» және тағы да басқа Омбы компанияларымен байланыстарды нығайту мәселелері талқыланды. Павлодар облысынан Омбыға дәстүрлі түрде алюминий, көмір, глинозем, полипропилен бұйымдары және кабель-өткізгіш өнімдері жеткізіледі. Өзара қарым-қатынасты «Қазақстан алюминийі» АҚ, «Қазэнергокабель» АҚ, «Богатырь Көмір» ЖШС, «Нефтехим LTD» ЖШС сияқты экономика флагмандары және басқа да кәсіпорындар қолдайды.
Өнімдері Ресей нарығына экспортталатын «МолКомПавлодар», «Рубиком», «Turkey PVL» өңдеу кәсіпорындары да жоғары бағаға ие болды.
Мәдениет, білім беру, жастар саясаты және спорт саласындағы бірлескен бастамаларға ерекше назар аударылды. Мұражайлар мен кітапханалардың нәтижелі жұмысы, сондай-ақ Омбы облысындағы қазақ диаспорасымен өзара қарым-қатынас атап өтілді.
Кездесу қорытындысы бойынша өңірлер арасындағы өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылып, алдағы уақытта іске асырылатын бастамалар тізбесі келісілді.
Іс-сапар бағдарламасы екі өңірдің кәсіпкерлері арасындағы байланыс биржасы (B2B форматында) өткен Достық үйінде жалғасты.
Ертіс өзенінің әлеуетін пайдалану мәселелері бойынша жеке жиналыс өтті. Қазақстан Республикасының көлік министрлігі мен су ресурстары және ирригация министрлігінің өкілдері, сондай-ақ Омбы облысы үкіметінің мүшелері бірлескен көліктік-логистикалық және экологиялық жобаларды іске асыруды талқылады.
Ертістің су ресурстарын ұтымды пайдалану өнеркәсіптік, аграрлық және кеме қатынасы секторларының орнықты дамуының маңызды элементі ретінде қарастырылады. Өзеннің туристік-мәдени әлеуеті де атап өтілді: он жылдан бері «Ертіс – достық өзені» бірлескен жобасы іске асырылуда.
Сонымен қатар, делегация «Павлодар өзен порты» АҚ жұмысымен танысып, «Павлодар» АЭА «УПНК-ПВ» ЖШС, «HAGI-Павлодар» ЖШС (ZENITH зауыты) және Павлодар ауданындағы «Agro-Trade PV» ЖШС-де болды.