Ресейліктер Павлодарда Абай мен «Коробейникиді» шебер орындады

Облыста Новосібір облысының мәдениет күндері басталды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
26-28 мамыр аралығында Ресей Федерациясының шекаралас өңірінің үздік шығармашылық ұжымдары павлодарлықтарға өз өнерлерін көрсетеді. Естай атындағы мәдениет сарайында облыстың мәдени өміріндегі айтулы оқиға салтанатты түрде ашылды. Новосібірліктер қала тұрғындары мен қонақтарына гала-концерт ұсынды.
Концерт басталмас бұрын Мәдениет сарайының фойесінде Новосібір облысының әртүрлі мұражайларының экспонаттарының көрмесі ұйымдастырылды. Тарих жағынан да, физикалық тұрғыдан да ең ірі экспонат шамамен 40 мың жыл болған жүнді мамонттың қаңқасы болды.
- Бұл - әлемдегі жүнді мамонттың ең толық қаңқаларының бірі, - деп түсіндіреді Новосібір мемлекеттік тарихи-өлкетану мұражайының табиғат мұражайының экскурсоводы Елена Артемова. - Ол біздің облыстан табылды. Оған қоса біз ежелгі жануарлардың қалдықтары – трилобиттер, ихтиозавр қаңқасының ізі, бронтозавр жамбас сүйектерін әкелдік. Тасымалдауға жарамды экспонаттарды әкелдік.
Елена Артемова Павлодарға алғаш рет келіп отыр. Ресейлік мейман қаланың жасыл көшелері мен тұрғындарының елгезектігін атап өтті.
Павлодар облысының әкімі Асайн Байханов атап өткендей, Новосібір облысының мәдениет күндерін өткізу өткен жылы Уфада өңірлер арасында қол жеткізілген меморандумның арқасында мүмкін болды.
- Біз бұл күндерді байланысымызды нығайту үшін пайдаланамыз, - деді Асайын Байханов. – Біздің аймақтардың ғасырлар бойы қалыптасқан өзара байланысты терең тарихы бар. Біздің қарым-қатынасымыз өте жоғары деңгейде және олар әрі қарай дами береді.
Асайын Байханов Новосібір облысындағы әріптесімен бірге білім беру тәжірибесімен алмасу туралы келісімге келуге ниетті. Жақында павлодарлық талапкерлер Новосібірдегі жоғары оқу орындарында сирек кездесетін медициналық мамандықтар бойынша білім ала алады.
– Мақсат – ынтымақтастығымызды, достығымызды нығайту, өйткені бір-бірімізді жақынырақ білгенде шынайы, берік қарым-қатынастар қалыптасады. Қазірдің өзінде әлеуметтік-экономикалық салада жақсы нәтижелерге қол жеткізгенімізге қарамастан, біз адамдар арасындағы байланысты нығайта түспекпіз. Ең бастысы, одан әрі дамыту бойынша меморандумдарға қол қойылды, сондықтан біз павлодарлықтардың жауап сапарын күтеміз, – деп көршілерін қонаққа шақырды Новосібір облысының губернаторы Андрей Травников.
Делегация басшылары гала-концертке қатысты. Мәдени бағдарламаны дирижер, Ресей Федерациясының еңбек сіңірген мәдениет қайраткері Рустам Ділмұхаметовтің жетекшілігімен Новосибирск филармониясының орыс академиялық оркестрі ашты. «Коробейники», «Смуглянка», «Хлеб всему голова», «Айттым сәлем, Қаламқас» әндері орындалды.
Новосибирск мемлекеттік филармониясының солистері Анастасия Лысякова мен Иса Байзақов атындағы Павлодар облыстық филармониясының әншісі Әлижан Қазбеков «Надежда» әнін орындап, көпшіліктің қошеметіне бөленді.