Рүстем Ақбалин: Ұлттық мерекені ұлықтау - Ұлттық ұланға тән

Рүстем Ақбалин: Ұлттық мерекені ұлықтау - Ұлттық ұланға  тән

Павлодардағы «Шығыс» өңірлік қолбасшылығының сарбаздары елдегі елеулі істерге білек сыбана кірісіп келеді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

Темірдей тәртіпке бағынған сарбаздардың ерлік істері жайлы «Шығыс» өңірлік қолбасшылығының қолбасшысы, генерал-майор Рүстем Ақбалин баяндайды.

- Кемел  келешегіміздің  бағытын  айқындайтын  Республика  күнінде  қилы  тарихымызға   бір сәт көз жүгірткен абзал.  Өйткені, егемен ел атану жолында  шәһид  болған  бабалар ерлігі  –   баршамызға үлгі. Ұрпаққа  аманат  еткен  ұланғайыр  даланың  тыныштығын күзетуде  бүгінде  Ұлттық  ұлан  әскерінің құндылығы жоғары. Әсіресе, ел тыныштығын  күзетуде  қырағылық  танытқан  «Шығыс»  өңірлік  қолбасшылығының  жеке құрамы  жауынгерлік әзірлік  пен  кәсіби шеберліктерін  үнемі арттырып келеді, - деді ол.

Қолбасшының айтуынша, ішкі әскер  жұрт басына  төнген кез келген  қауіп-қатерге  қарсы  тұрып, аянбай әрекет етуде. 

- Айталық,  жазда  Абай облысында орын алған алапат өртті әзіге ел ұмытқан жоқ. Тілсіз жаудың  құрсауында қалған тұрғындар мал-жанын, үй-жайларын тастап қауіпсіз аймаққа көшуге мәжбүр болды. Қысылтаяң  шақта  иесіз қалған ел-жұрттың мал-мүлкін  күзетуде, мамыражай  ауылдардың берекесін сақтауда ұландықтар  бір кісідей ат салысты. Қызыл жалын шарпыған аумақтың аужайын  қаперінде ұстап, кірпік қақпай қызмет еткен  5511  әскери бөлімінің қоғамдық тәртіп қызметінің сақшылары  аймақ тұрғындарының зор ықыласына бөленді, - деді Рүстем Ақбалин.

Ел алғысына бөленген «Шығыс» өңірлік қолбасшылығына қарасты аймақтың геосаяси, стратегиялық ауқымда жатқаны әмбеге  аян. Сондықтан қолбасшылық  бейбіт өмірдегі  ұлт тұтастығын қадағалап, айрандай ұйыған елдің аборойын асыруда жан аямай еңбек етуде. Мемлекет қауіпсіздігін қамтамасыз  етудегі ұрысқа қабілетті маңдайалды  құрылымдардың біріне  айналған Ұлттық ұлан әскері  ерлік пен мінсіз қызметтің жоғары  үлгісін әлі де  көрсете бермек. 

Бүгінгі мереке күндерінде де   қолбасшылықтың  жеке құрамы қызметтік-жауынгерлік міндеттерге білек сыбана кіріседі. Өлкедегі  түзеу мекемелерінде қырандай қырағылық танытып,  тәртіпсіздіктің  жолын кессе, өңірдегі стратегиялық  нысандарды  көзінің қарашығындай қорғауда табанды қызметтер атқарудан еш тайынған емес. 

Ұлттық мерекенің  ұлықталуы  -   Ұлттық ұланның айбынын асқақтатып, жеке құрам  күш-жігерінің артуына  айрықша серпін бермек. Себебі отансүйгіш жауынгер үшін бұл мейрамның маңызы мен мәні тым тереңде жатыр.