Сегіз баланың бірі: Павлодарда жоғалған жеткіншектің ата-анасы табылды

Тәртіп сақшылары кәмелетке толмаған балаларды қатаң бақылауға кеңес береді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Павлодар полициясына 7 сәуір күні Ак. Марғұлан көшесіндегі 104-ші үйдің жанынан табылған баланың ата-анасы жүгінген. Баланың есімі Әли екені анықталды, жасы бесте.
Жеткіншектің әкесі Абдурауф Расуловтың айтуынша, отбасы Павлодарға бес күн бұрын көшіп келген, Естай көшесі, 38 мекенжайы бойынша пәтерді жалға алған.
– Отбасымда сегіз бала бар, мен түнгі ауысымда жұмыста болдым. Балаларым жұбайыммен үйде болды. Кешке Әлиді үлкен балалармен бірге деп ойлап, ұйықтап қалдым. Таңертең сағат тоғызда жұмыстан оралғанда ұлымның үйде жоқ екенін көрдім. Полицияға қоңырау шалдым. Ұлым орыс тілін білмейді, тек тәжік тілін біледі. Сондықтан одан не сұрап жатқанын түсінбеген, – деді баланың әкесі.
Полиция қызметкерлері жалдамалы пәтерге тексеру жүргізіп, кәмелетке толмаған баланы тәрбиелеу жөніндегі міндеттерді тиісінше орындамағаны үшін заңды өкіл жауапқа тартылды.
Сондай-ақ, ата-анасының тәртібі Павлодар қаласы әкімдігінің кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссиясының отырысында қаралады.
Еске сала кетейік, 6 сәуірде сағат 18:06-да Ак. Марғұлан көшесі, 104 мекенжайы бойынша орналасқан үйдің жанында азиялық келбетті кішкентай ұл бала табылғаны туралы шақырту түскен. Бала өңірлік балаларды қолдау орталығына орналастырылды.