Шарбақты ауданында 10-нан астам мектеп санитарлық талаптарға сай келмейді
Облыстық санитарлық эпидемиология анықтаған кемшіліктерді аудандық мектептер қазан айына дейін жою керек, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Зәмзәгүл Досжанова мәлім етті.
– Шарбақты ауданының 12 мектебі санитарлық-эпидемиологиялық қорытындысы жоқ. Бұл нысандардың жұмысы алаңдатады. Аумақты ішінара қоршау бойынша, әйнектердің тұтастығы, жарықтандыру бойынша кемшіліктер бар. Сондай-ақ, спорт залдарында ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізу қажет – бөлмелердің қабырғалары мен едендерінің жабыны біркелкі емес, – деді спикер.
Ведомство Шарбақты ауданының Алексеевка, Арбиген, Шалдай, Заборовка, Красиловка, Назаровка, Алға, Маралды, Шегірен, Сосновка, Александровка, Хмельницкий мектептері сәйкессіздіктерді жою үшін 20 қазанға дейін ұйғарым берген. Сондай-ақ, атқарылған жұмыстар туралы есеп беруі тиіс. Аталған 12 мектептің ішінде Хмельницкий білім ордасында кемшіліктер 90-95% жойылды.
– Департамент жаңа оқу жылында мектептердің дайындығын білім беру басқармасымен бірлесе отырып тексереді. Бағалаудағы ең маңызды мәселе – білім нысандарының материалдық-техникалық жабдықталуы. Сондай-ақ, мектеп ғимараты, асхана мен медициналық кабинеттер санитарлық эпидемиологиялық талаптарға сай келуі тексеріледі, – деді Зәмзәгүл Досжанова.
Оның айтуынша, облыстық сантиарлық департаменттің бақылауында 353 мектеп, оның ішінде 79 қалалық және 274 ауылдық мектеп бар.