Шарбақтыда төрт адам белгісіз газдан уланды
Ауыр жағдайда болған екі ер адам павлодарлық ауруханаға жеткізілді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Облыстық жедел жәрдем станциясы баспасөз қызметінің мәліметінше, 5 қыркүйекте сағат 17:48-де Шарбақты ауылында кәріз құдығында техникалық жұмыстарды жүргізу кезінде белгісіз газдан уланғаны туралы хабарлама түсті. 68, 49, 42, 32 жастағы ер адамдар Шарбақты аудандық ауруханасына жеткізілді.
Кейіннен ауыр жағдайда болған 68 және 42 жастағы зардап шеккендерді медициналық авиацияның бригадасымен Павлодарға жеткізу туралы шешім қабылданды. Олар № 3 Павлодар қалалық ауруханасының токсикологиялық бөлімшесіне жатқызылды.
Айта кетейік, Шарбақтыдан Павлодарға жеткен медициналық бригада көлігі Толстой – Астана көшелерінің қиылысында жеңіл көлікпен соқтығысты.