Шарбақтылық полицейлер шетелдік жүргізушіні аман алып қалды

Шарбақтылық полицейлер шетелдік жүргізушіні аман алып қалды
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Жолда қиындыққа тап болған жүргізушіге патрульдік экипаж мүшелері көмектесті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Полиция департаментінің Instagram-дағы ресми парақшасына тұрғындар тарапынан хабарларамалар көптеп түсуде. Жол бойында апатқа ұшырай жаздаған шетелдік азаматтар шарбақтылық тәртіп сақшылары Ринат Ханифов пен Ерғанат Жаңғазиновқа  алғысын білдірді. Патрульдік қызметкерлер көлік бұзылған сәтте көмек көрсеткен.

- Мен жеке көлігіммен Павлодар қаласынан Ресейдің Барнаул қаласына жолға шықтым. «Павлодар-Шарбақты-Құлынды» автожолының 84-ші шақырымында  көктайғақ салдарынан жолдың шетіне шығып кеттім. Бастапқыда қарапайым жағдай сияқты көрінді, бірақ өзім ештеңе істей алмадым. Қарама-қарсы өтіп бара жатқан көліктерді тоқтатуға тырыстым, алайда ешкім тоқтаған жоқ. Біршама уақыттан кейін патрульдік көлік келіп, машинамды шығарып берді. Осылайша, аман-есен үйге жеттім, - дейді Барнаул қаласының тұрғыны Андрей Башко.

Полиция қызметкерлері көліктің бұзылғанын байқап, тиісті көмек көрсетті. Абырой болғанда, ешкім зардап шеккен жоқ. Тәртіп сақшылары азаматтарға әрдайым көмек көрсетуге дайын екенін еске салып, қолайсыз ауа райында жолда абай болуға шақырады.

Аяужан Жетес.