Су тасқыны: Шиқылдақ ауылына кірме жолдың төсемі ашылды
Елді мекенге қауіп жоқ, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, Павлодар облысының аумағындағы су тасқыны жағдайы бақылауда.
«Қазгидромет» деректері бойынша биыл гидрометеорологиялық көрсеткіштердің едәуір артқаны байқалады. Мәселен, жауын — шашын мөлшері былтырғы кезеңге карағанда 69% - ға артық, қар жамылғысындағы су қоры 2,2 есе, ал топырақтың қату тереңдігі 35,3% - ға өсті.
27-29 наурыз аралығында аймақтағы ауа температурасының одан әрі көтерілуі күтілуде (+15 °С дейін), бұл қардың қарқынды еруіне және еріген судың пайда болуына ықпал етеді. Бір автокөлік жолы су жүріп кетпеу үшін қатаң бақылауға алынды.
— Екібастұз ауданы Шиқылдақ ауылының маңында қардың белсенді еруі салдарынан еріген сулардың жиналуына байланысты елді мекенді су басудың алдын алу үшін кірме жолдағы жол төсемін ашу туралы шешім қабылданды. Көлік қозғалысы балама маршрут бойынша жүзеге асырылады, елді мекенге қауіп жоқ, — дейді Шиқылдау ауылының әкімі Гүлнар Еңсебаева.
Жергілікті жерде қызмет кезекшілігі ұйымдастырылып, жол төсемін нығайту жұмыстары жүргізілді.
Елді мекендерді су басуға жол бермеу және алдын алу мақсатында еріген суды сору және қарды шығару бойынша алдын алу іс-шаралары алдын ала жүргізіледі.
Республикалық, облыстық және жергілікті маңызы бар жолдардағы барлық 1281 су өткізу құбыры ашық күйде жұмыс жасауда. 149,5 км алаңда қарды жинау және жалпы ұзындығы 6,5 шақырым аумақтарда үйіп тастау бойынша жұмыстар жүргізілді.
63 мыңнан астам қапты, 68 мың тонна инертті материалдарды және 152 тоннадан астам ЖЖМ қоса алғанда, материалдық-техникалық ресурстардың едәуір қоры құрылды. 1871 адамнан тұратын азаматтық қорғаныс күштерінің тобы дайындықта, 975 бірлік техника, 357 су айдау құралдары және 21 жүзу құралдары жұмылдырылды.
Жағдай шұғыл қызметтердің тұрақты бақылауында.