Су, жылу, байланыс: Ақтоғай ауданындағы ауылдарда қандай мәселелер көтерілді?

Су, жылу, байланыс: Ақтоғай ауданындағы ауылдарда қандай мәселелер көтерілді?
Константин Шелковтың фотосы

Ақтоғай ауданының әкімі Қаршыға Арынов бірқатар ауылдың инфрақұрылымдық жағдайын тексерді, деп хабарлайды Pavlodarnews.kz тілшісі.

Шолақсор, Балтасап, Жалаулы, Шілікті, Ақжол және Барлыбай ауылдарына барудың басты мақсаты – ауылдарды сумен және жылумен қамту мәселелерін талдау, сондай-ақ әлеуметтік нысандардың жағдайын бағалау болды.

Ауылдарда су құбырларының техникалық жай-күйіне жүргізілген тексеріс барысында бірнеше ақау анықталды. Олардың қатарында құбыр жүйелерінің тозуы, су берудегі үзілістер мен апаттық жағдайлар бар. Әрбір учаске бойынша нақты тапсырмалар беріліп, жүйенің тұрақты жұмыс істеуін қамтамасыз ету бағытында жұмыстар басталды.

– Шолақсор мен Барлыбай ауылдарында су құбыры жұмыс істеп тұрғанымен, жүйеге қосымша техникалық қызмет көрсету қажет, – деді Қаршыға Арынов.

Ал Жалаулы ауылында тұрғындармен кездесу өткізіліп, сумен қамту мәселелері жан-жақты талқыланды. Белгіленген ескертулер бойынша жөндеу жұмыстары қолға алынды.

Балтасап ауылында байланыс инфрақұрылымы жақсаруда – ұялы байланыс мұнарасы ауыл орталығына көшірілді. Алдағы кезеңде тұрақты байланыс орнату үшін қажетті жабдықтар орнатылады.

Шілікті ауылындағы жаңа медициналық пунктке қатысты бұған дейін берілген ескертулер мердігер ұйым тарапынан толықтай жойылды. Қазір нысан пайдалануға беруге дайын тұр.

Ақжол ауылында газбен жылытатын қазандық тексерілді. Мамандар техникалық сараптама жүргізіп, алдағы жылыту маусымында тұрғындарды жылумен үздіксіз қамтамасыз ету бойынша нақты тапсырмалар берілді.

Сапар барысында ауыл тұрғындарының барлық өтініштері мен ескертулері назарға алынды. Тапсырмалардың орындалуы тиісті бақылауда болады.