Сурет емнің жарасы: Павлодарлықтар арт-терапияға не үшін жүгінуде?

Бояулардың түсі және сызықтар түрлері арқылы адамның алаңшыл екенін анықтауға болады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Арт-терапия – эмоциялармен жұмыс істеудің тиімді тәсілі. Денеге бағдарланған терапияның психолог-консультанты Асемгуль Садвакасова арт-терапия диагностика жүргізу кезінде жиі қолданылатынын айтады.
– Терапия арқылы адамдар өз ішкі әлемін зерттеп, эмоцияларын түсіне бастайды. Сурет салу барысында адамның үрей деңгейі төмендеп, физикалық тұрғыдан өзін жеңіл сезінетіні байқалады. Бұл процесте мидың екі жарты бөлігі бірдей жұмыс істейді, бұл адамның психологиялық жағдайын анықтауға көмектеседі, – дейді психолог.
Қазіргі уақытта психологтармен сөйлесуден қорқататын немесе ұялатын адамдар өте көп. Осындай кездерде мамандар сурет салуды ұсынады. Бұл процесс кезінде адамдар тікелей маманмен сөйлеспейді, осылайша олар өздерін еркін сезінеді. Арт-терапия психологиялық ауытқуларды анықтауға және жасырын күйзелістерді ашуға жақсы құрал.
– Адамдардың қарындашты, қағазды қалай ұстағанынан, қандай бояуларды қолданғанынан, оның ішкі жай-күйін көруге болады. Мысалы, егер суреттегі сызықтар үзік болса, бұл адамның алаңдаушылық сезетінің білдіреді, – дейді Әсемгүл Садвакасова.
Арт-терапияның түрлері өте көп. Соңғы уақытта халық арасында сурет салу кеңінен қолданысқа ие болса да, эмоцияларды зерттеу үшін адамдар актерлік сабақтарға немесе вокалға да бара алады.
– Әртүрлі әндер айтып, рөлдерді сомдай отырып, адам өзінің қандай сезім сезініп тұрғанын түсінеді. Ал мамандар сырттан қандай кейіпке тез еніп, музыканың ырғағына қарап алғашқы қорытындылар шығара алады, – дейді психолог.
Әсемгүл Садвакасова арт-терапия мен өздігінен сурет салуды шатастырмау керектігін айтады.
– Терапия нақты мақсатпен, бір қорытынды шығару үшін жүргізіледі. Сурет кейін талқыланады. Ал өздігінше сурет салу – тек қана сергіп алу үшін жақсы тәсіл.
Қаламызда мұндай кештерді ұйымдастырып жүрген суретші Леся Колбиктің сөзінше, терапиялық кештер – адамдарға өздерін танып-білу үшін керемет мүмкіндік.
– Кейде адамдар ішіндегі эмоцияларын сөзбен жеткізе алмайды. Осы сәтте олар қолдарына бояу алып, сезімдеріне пішін мен түс сыйлайды, осылайша жеңілденіп қалады, – дейді Леся.
Шебердің пайымдауынша, мұндай кештерге көбінесе жас қыздар мен әйел адамдар қатысады. Келушілердің сөзінше, мұндай кештер – өзіңді түсінуге, күнделікті өмірдегі стресті бір мезетке ұмыту үшін жақсы құрал.
Леся Колбик бұл шараларды үш жылдан бері ұйымдастырып келеді. Кештер барысында адамдардың қатты өзгеретінін алға тартты.
– Кештер барысында адамдардың көңіл-күйі қатты өзгереді. Басында олар таза кенепті көріп, уайымдайды, көбі «қолымнан келмейді» деп өздеріне сенімсіз болады. Бірақ суреттерді аяқтап болған соң, олар өздеріне деген көзқарасын өзгертіп, мақтаныш сезімін сезінеді, — дейді ол.
Айта кетейік, 14 тамыз күні сағат 18:00-де Жастар бастамаларын дамыту орталығында Леся Колбик отбасылық арт-кеш ұйымдастырады. Іс-шараға қатысу үшін +7 (776) 821-10-12 нөмірі бойынша жазылуға болады.