«Таза Қазақстан»: Павлодар облысында заңсыз қоқыс үйінділерін жою жалғасуда
Жыл басынан бері өңірде 97 заңсыз қоқыс үйіндісі анықталды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Бұл туралы облыстық экология департаменті мәлімдеді.
«Таза Қазақстан» экологиялық мәдениетті дамыту тұжырымдамасын іске асыру шеңберінде Павлодар облысында рұқсат етілмеген қоқыс үйінділерін анықтау, жолын кесу және жою бойынша жүйелі жұмыс жалғасуда. Бұл жұмысты экология департаменті прокуратура, полиция органдарымен және жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп жүргізеді.
— Ол экологиялық құқық бұзушылықтардың алдын алуға және елді мекендердің тазалығын қамтамасыз етуге бағытталған. Жыл басынан бері ғарыштық мониторингті пайдалану арқылы облыс аумағында 97 рұқсат етілмеген қоқыс үйіндісі анықталды. Бүгінгі таңда 93 қоқыс үйіндісі жойылды, тағы 2-уі жойылу сатысында, ал екі мекенжай бойынша қалдықтардың орналасу фактілері расталмады, - делінген хабарламада.
Ағымдағы жылы экология департаментіне стихиялық қоқыс үйінділерін жасау фактілері бойынша 13 материал түскен. Оларды қарау нәтижелері бойынша 9 құқық бұзушы әкімшілік жауапкершілікке тартылып, салынған айыппұлдардың жалпы сомасы 2 032 750 теңгені құрады.
Мамандандырылған табиғат қорғау прокуратурасының бастамасымен экология департаменті, Павлодар қаласының әкімдігі, «Халық Тұмары» мобильді қосымшасын әзірлеуші және қатты тұрмыстық қалдықтар полигонының операторы арасында ынтымақтастық туралы меморандум жасалды.
Меморандум аясында қалдықтарды заңсыз орналастыру фактілері туралы «Халық Тұмары» қосымшасы арқылы белсенді түрде хабарлайтын азаматтар қалалық полигонға қалдықтарды тегін шығаруға арналған талондармен көтермеленетін болады.
Экологиялық құқық бұзушылықтарды анықтау үшін бейнебақылау камералары мен ұшқышсыз ұшу аппараттары да пайдаланылады, бұл құқық бұзушыларды жедел анықтауға және әкімшілік ықпал ету шараларын қабылдауға мүмкіндік береді.
Жаңа стихиялық қоқыс үйінділерінің пайда болуының алдын алу және анықталған объектілерді жою бойынша жұмыс жалғасуда және Павлодар облысы экология департаментінің тұрақты бақылауында.