Тоқаев павлодарлық педагогке «Ерен еңбегі үшін» медалін табыстады

Мемлекеттік награда оған кәсібіне адалдығы үшін берілді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Ақпараттық технологиялар колледжінің оқытушысы Талғат Жалпақовтың педагогикалық өтілі – 23 жыл. С. Торайғыров атындағы мемлекеттік университеттің «Информатика» мамандығы бойынша түлегі өзінің еңбек жолын туған Трофимов орта мектебінде информатика пәнінің мұғалімі болып бастаған. Ол тек балаларды оқытып қана қоймай, өзі де олимпиадаларға қатысып, жүлделі орындарға ие болған. Кейін оған информатика пәні мұғалімдерінің әдістемелік бірлестігін басқару сеніп тапсырылды.
– 2011 жылдан бастап Ақпараттық технологиялар колледжінде жұмыс істеймін. Мұнда студенттерге заманауи бағдарламалау тілдерін үйретемін, жобалармен айналысамын және оқу процесіне жаңа технологияларды енгізіп келемін, – деді Талғат Жалпақов.
Ұстаздық жолында 40 жылдық тәжірибесі бар физика пәнінің мұғалімі, Талғаттың анасы оған осы мамандыққа деген сүйіспеншілікті бойына сіңірген.
Оқытушының айтуынша, оның басты мақсаты – студенттерді тапсырмаларды талдауға, шешім табуға және логикалық ойлауды дамытуға үйрету. Ол студенттерімен бірге жасанды интеллект саласында жобалар жасап, өз авторлық жұмыстарын әзірлеуде. Оқушылардың жетістіктері – оның ең үлкен мақтанышы. Талғат Жалпақовтың шәкірттері WorldSkills ұлттық чемпионаттарында екі алтын, бір күміс, бір қола медаль мен медальондар жеңіп алған.
Бос уақытында да Талғат Жалпақов студенттермен бірге – ақпараттық жүйелерді бағдарламалауды үйретеді, стартаптармен жұмыс істейді және идеяларымен бөліседі.
– «Ерен еңбегі үшін» медалі мен үшін өте маңызды оқиға болды. Бұл – облыс пен ел басшылығы тарапынан мұғалімнің еңбегі еленгенінің дәлелі. Бұл марапат маған шығармашылық жеңістер мен оқытудағы жаңа стратегиялық жоспарлар үшін күш-қуат береді, – дейді педагог.
Талғат Жалпақов өзінің барлық жетістіктерін студенттермен, әріптестерімен және басшылықпен бірлескен еңбектің нәтижесі деп есептейді. Оның айтуынша, тәжірибе – жылдар өте келе келетін дүние, ал құрмет пен танымалдылық тек еңбектің арқасында ғана келеді. Педагогика – үздіксіз жұмыс пен жауапкершілікті талап ететін сала. Ал «Ерен еңбегі үшін» медалі – білім беру ісіне қосқан үлесінің ресми дәлелі болып отыр.
Айта кетейік, Талғат Жалпақов Қазақстанға WorldSkills Competition-2022 алғашқы әлемдік медалін әкелген Дина Афанасьеваны дайындады. Даниил Барт, Жан Бейсекеев, «Goodbalalar» командасының балалары да Жалпақовтың тәлімін алған.