Уақытпен жарыс: ТЖМ авиациясы науқасты Павлодарға жедел жеткізді
Науқас омыртқа жарақатын алып, эвакуацияға мұқтаж болды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, бүгін күндіз ТЖМ санитарлық авиация тікұшағы омыртқа жарақаты бар әйел адамды тасымалдау үшін Екібастұздан Павлодарға шұғыл ұшуды орындады.
– Науқасты мамандандырылған медициналық көмек көрсетілетін облыстық орталыққа жедел жеткізу үшін әуе эвакуациясы қажет болды. Әуе кемесіне техникалық қызмет көрсетуді инженерлер Дәурен Шахабаев пен Ербол Құдайберген жүзеге асырды, – делінген хабарламада.
Ведомствода атап өткендей, ТЖМ авиациясы тәулік бойы дайын және ауыр жағдайдағы науқастарды шұғыл медициналық эвакуациялау үшін қолданылады.