Ертіс ауданында көршісін ұрған әйел жазаланды
Ертіс аудандық сотының қаулысымен 33 жастағы ауыл тұрғынына айыппұл салынды, деп хабарлайды Pavlodarnews.kz.
Павлодар облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, 2023 жылғы 10 наурызда сағат 12.30-да Ертіс ауданының полициясына 42 жастағы тұрғыннан шақыру түскен. Әйел көршісінің үйінде болған кезде жанжалдасып қалып, салдарынан мас күйінде бет аймағына соққы берген.
– Тәртіп сақшылары отбасылық-тұрмыстық қатынастар саласындағы құқыққа қайшы әрекеттері үшін 33 жастағы көршісіне қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 73-2-бабы 1-бөлігі бойынша әкімшілік материал толтырды. Материал сотта қаралды, – деді Ертіс ауданы полиция бөлімі бастығының бірінші орынбасары Серік Үсенов.
Ауыл тұрғыны аудандық соттың қаулысымен 10 АЕК мөлшерінде әкімшілік айыппұл түрінде әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Айта кетерлігі, биылғы жылдың басынан бастап Ертіс ауданында отбасылық-тұрмыстық қатынастар саласындағы құқыққа қайшы әрекеттері үшін екі азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылған.