Успен ауданында 500 басқа арналған тауарлы сүт фермасы салынуда
Ферма Ковалевка ауылында орналасқан, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Павлодар облысы әкімінің инвестицияларды тарту және бизнесті дамыту бойынша орынбасары Айгерім Қабылтаева жұмыс сапарымен Успен ауданына барды. Бірінші кезекте «Әубәкіров и К» ӘКК мал сою цехының және үш елді мекеннің жеті мыңға жуық мал басының қауіпсіздігін қамтамасыз ететін ветеринарлық пункттің жұмысымен танысты.
«БИК» шаруа қожалығы ағымдағы жылдың соңына қарай 500 басқа арналған тауарлы сүт фермасының құрылысын аяқтауды жоспарлауда. Шаруашылық 2025 жылы жаңа ферманы өз жемімен қамтамасыз ету үшін 240 га суармалы учаскені іске қосуды жоспарлап отыр. Жобаны іске асыру жылына 9,6 мың тонна шырынды және ірі жемшөп өсіруге мүмкіндік береді.
Еске сала кетейік, биыл ауданда астық дақылдарының көлемі азайтылған, алайда қарақұмықтың көлемі артуда. Қарақұмықтың егістік алқабы 28 мың гектарға жеткізілді, алдағы уақытта 7,1 мың гектарға ұлғайтылмақ.
Сонымен қатар, майлы дақылдардың да алқабы 45,6 мың гектарға жоспарлануда. Мал шаруашылығын жем-шөппен қамтамасыз ету мақсатында 34,3 мың гектарға алқап дайындалды. Бұл – өткен жылмен салыстырғанда, 1,4 пайызға жоғары.