Успен ауданында «Ауыл аманаты» бағдарламасының сәтті жобалары іске асырылуда

Успен ауданында «Ауыл аманаты» бағдарламасының сәтті жобалары іске асырылуда
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Бұл кәсіпорындар ауданда жаңа жұмыс орындарын ашты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

«AMANAT» партиясы облыстық филиалының төрағасы Асылбек Туғанбайұлы мен филиалдың атқарушы хатшысы Николай Дычко Успен ауданына жасаған жұмыс сапары барысында мемлекеттік «Ауыл аманаты» бағдарламасы арқылы ашылған нысандарды аралады.

Бастаманың табысты іске асқан мысалдарының бірі – «Хлебко.Ко» наубайханасы.

Кәсіпорынды құрушылардың бірі Галина Хлебко жеңілдетілген несиеге заманауи жабдықтар алынғанын, ал ғимарат өз қаражаты есебінен салынғанын айтты. Бүгінде мұнда тостық және формалы нан, «бородинский», «ромашка», бургерге арналған тоқаштар, багеттер, пицца және басқа да өнімдердің кең ассортименті шығарылады. Болашақта нанды Павлодар облысының солтүстігіндегі ауылдарға жеткізу жоспарланған.

– «Ауыл аманаты» бағдарламасы ауыл тұрғындарына өз ісін дамытуға, жұмыс орындарын ашуға және халықты өзіндік өндірілген сапалы тауарлармен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Бұл – аймақтық экономиканы дамытуға және ауылдық жерлердегі өмір сүру деңгейін арттыруға қосылған маңызды үлес, – деп Асылбек Туғанбайұлы мұндай мысалдар бағдарламаның нақты тиімділігін көрсететінін атап өтті.

Бағдарлама бойынша ашылған тағы бір нысан – автобекеттегі дәмхана. Оның иесі Татьяна Азарова 9,2 миллион теңге мөлшеріндегі жеңілдетілген несие арқылы павильон мен қажетті жабдықтарды сатып алған. Бүгінде мұнда пиццаның бірнеше түрі, суши және гриль тауығы ұсынылады.

– Біз қолдау алған адамдардың бизнестерін ынтамен дамытып, демалу мен тамақтану үшін жайлы орындар ашып, жергілікті тұрғындарды жұмыспен қамтып жатқанын көріп отырмыз. Ауылдағы тіршілікті жандандыру – бағдарламаның басты мақсаты осы, – деп атап өтті филиалдың атқарушы хатшысы Николай Дычко.

Сапар барысында партия делегациясы былтыр салынған музыка мектебі мен дене шынықтыру-сауықтыру кешенін де аралады. Мұнда дарынды жастарды қолдау, спорт инфрақұрылымын дамыту және балаларды ауданның мәдени-спорттық өміріне тарту мәселелері талқыланды.

Еске сала кетейік, сапар барысында «AMANAT» партиясының Саяси кеңесі Бюросының және депутаттық фракциясының бірлескен отырысы өтті. Жиында Жол картасын іске асыру және партиялық жобалардың орындалу барысы қаралды.