Успен ауданында кәсіпкер сахналық етік тігеді

Успен ауданында кәсіпкер сахналық етік тігеді
Фото: Автор

Ерзада Тұрсынбек былғарыдан қазақы нақыштағы етік тігеді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Ерзада Тұрсынбек 2001 жылы Қытайда дүниеге келген. 2017 жылы ата жұртқа қоныс аударған соң Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданының Шелек ауылында тұрып, сонда оқып, аяқ киім тігу өнерін үйреніп, жеке кәсіппен айналысуға шешім қабылдаған.

 –  Жоғары оқу орнына оқуға түскен соң жеке кәсіппен айналыссам деген ой пайда болды, арманым орындалмай өкініп қалмау үшін Талдықорған қаласына барып, ұстазымнан етік тігу әдісін меңгеріп, үш жыл бойы еңбек еттім. Уақыт өте келе өз шеберханамды ашу туралы ойлана бастадым, – дейді шебер.

Шеберхана ашуды қолға алып, ол үшін құрал-жабдықтарды қалай және қандай қаражатқа аларын білмей жүргенде, өңірімізде өндірісті дамытуға мемлекет тарапынан көп қолдау көрсетілетінін білген ол мүмкіндікті жіберіп алмауды ойлап, 2023 жылдың наурыз айында Успен ауданына қоныс аударған. Жас кәсіпкерлерге арналған гранттар байқауына қатысып, өз жобасын қорғап, мемлекеттен бес миллион теңге грант ұтып алып, ауданда аяқ киім цехын ашқан.

Менің арманым қазақи үлгідегі былғары етікті тігіп, сатылымға шығару еді. Арманымды орындауға бастама жасап «Ақжол» цехымды аштым, – дейді ол.

Қолөнершінің айтуынша, ұлттық нақышта ою-өрнекпен безендірілген балалар мен әйел адамдарға, ерлерге арналған етіктердің түр-түрін сыртын таза былғарымен, ішін қойдың жүнімен тігеді.

Аяқ киімдерім ұлттық нақышта болған соң, ұлттық өнердің шашбауын көтеріп жүрген қыз-жігіттер мен жобалап тіккен етікті сахнаға киіп шықса деген алдыма мақсат қойдым. Нәтижесінде олардың талаптарына сай, сахнаға киіп шығуға арнап, ою-өрнекпен етік тіктім, – деді шебер.

Қазіргі кезде сахналық етіктерге сұраныс көбейген. Заман талабына сай өзін баптағысы келген Ерзада Тұрсынбек цехты ашқан соң тағы да ұстазынан барып қосымша сабақ алып қайтыпты.